Түркістан қаласында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы мақсатта қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Алмасбайұлы Бадамбаев А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінің 7 – 9 сынып оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. Шараға жалпы 100-ге жуық оқушы қатысты.
Кездесу барысында мектеп оқушыларына құқықбұзушылықтың негізгі түрлері, олардың қоғамға келтіретін зияны және жеке тұлғаның болашағына тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Полицей жасөспірімдерге құқықтық нормаларды бұзудың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын нақты мысалдармен жеткізді.
Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік ережелері, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану, жол қозғалысы талаптары және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында ақпараттық-танымдық әңгіме жүргізілді. Оқушылар күнделікті өмірде сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында полицейлер жасөспірімдерді заң талаптарын құрметтеуге, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және кез келген күмәнді жағдай туындаған кезде бірден ата-анасына, ұстазына немесе полиция қызметкерлеріне хабарлауға шақырды.

