Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжіне арналған 300 орынды жаңа жатақхананың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдері қатысты.
Мегаполис басшысы тәрбиеленушілер мен педагогикалық ұжымды жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтап, бұл нысан орын тапшылығы мәселесін шешуге және білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл жоба заңсыз шығарылған активтерді қайтару нәтижесінде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен, Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту бойынша тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған. Жалпы ауданы 8,2 мың шаршы метрлік жатақхана 300 орынға арналған және ұлдар мен қыздардың бөлек тұру блоктары, оқу бөлмелері, дайындық аймақтары, медициналық бөлім қарастырылған.
Тәрбиеленушілерге қолайлы әрі қауіпсіз орта құруға ерекше көңіл бөлініп, асханалар, санитарлық тораптар, душ бөлмелері, демалыс бөлмелері және басқа да қажет нысандар салынды.
Сонымен қатар, іргелес аумақта спорт және ойын алаңдары абаттандырылып, футбол алаңы, workout аймақтары және әртүрлі жастағы оқушылардың демалуына арналған кеңістіктер ашылып отыр. Нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, су, кәріз, жылу, электр жүйелері және қосалқы энергия көздерімен жабдықталды.
Жаңа жатақхананың құрылысы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бұған дейінгі 1975 жылы салынған ескі ғимарат небәрі 120 орынға есептелген және қазіргі талаптарға сай келмейтін. Соның салдарынан кейбір оқу кабинеттері тұрғын бөлмелер ретінде пайдаланылып, кейбір оқушылар оқу орнынан тыс жерде тұруға мәжбүр болып келді.
Енді жаңа жатақхананың пайдалануға берілуі тәрбиеленушілерге заманауи әрі жайлы өмір сүруге жағдай жасап, білім беру сапасын арттыруға және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

