МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы басымдықтар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында нақты айқындалып, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы мақсатта Сарыағаш қаласында заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Аталған жоба партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы болып белгіленген. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 15 жұмысшы еңбек етіп, 7 арнайы техника тартылған. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Нысанның тапсырыс берушісі – Түркістан облысының құрылыс басқармасы болса, мердігер ұйым ретінде – «ASPAN HOLDINGS» ЖШС бекітілген.

Аудан тұрғындары үшін маңызды нысанның құрылыс алаңына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Кездесу барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап өтуіміз қажет, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын өңірімізде іске асыру жөніндегі Жол картасында қолжетімді сапалы медицинаны қамтуға арналған индикаторлық көрсеткіштер белгіленіп, облыс аудан, қалаларында заманауи медициналық нысандар салу, қолданыстағы ауруханаларды жаңарту, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру міндеттері айқын көрсетілген. Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан көпбейінді аурухана – осы міндеттердің нақты жүзеге асуын айқындап отыр.

Жаңа медициналық нысан бірнеше блоктан тұрады. Әрбір блокта тұрғындарға медициналық көмектің түрлі бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл өз кезегінде науқастарды басқа өңірлерге жібермей-ақ, қажетті ем-домды жергілікті жерде алуына мүмкіндік береді. Жобалық қуаттылығына сәйкес, жаңа аурухана тәулігіне 600-ге жуық науқасты қабылдай алады. Бұл Сарыағаш қаласы мен оған жақын елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін айтарлықтай арттырмақ.

«AMANAT» партиясы денсаулық сақтау саласын дамытуда тек инфрақұрылым салумен шектелмейді. Партия белгілеген әрбір көрсеткіштің артында азаматтардың өмір сапасын жақсарту, тұрғындардың өз тұрғылықты жері бойынша сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету міндеттері белгіленген. Сарыағаштағы көпбейінді аурухананың құрылысы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауданды жоғары санатты медициналық кадрлармен қамтылуына оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз. Партия бағдарламасына енген қоғамдық маңызы бар нысан құрылысының барлық сатылары аманаттық өкілдердің тұрақты бақылауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды