Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшинмен кездесті. Кездесуде облыста аталған холдинг арқылы қаржыландырылып жатқан жобалардың өзекті мәселелері мен әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйтерек» холдингінің облыс экономикасын дамытуға үлес қосып жатқанына тоқталып, алғысын білдірді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Облыс аумағында бірқатар ірі жобалар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оған еншілес қаржы институттары арқылы қаржыландырылуда. Бүгінгі кездесуде бірлесіп, іске асырылып жатқан жобалар бойынша өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігі туып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыстық деңгейі мен әл-ауқатын көтеру, инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс аумағында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның қолдауымен облыста бірқатар әлеуметтік мәселелер шешілуде. Атап айтқанда, тұрғын үй саласы бойынша Түркістан облысы құрылғалы бері облигация есебінен 147 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж 4 692 отбасы баспаналы болды. Кәсіпкерлік саласы бойынша еншілес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 261,7 млрд. теңге несие қаражатына 4,5 мыңнан астам жоба субсидияланды. Ауыл шаруашылығында жыл басына бері ұлттық холдинг арқылы бірнеше ірі жоба мақұлданған. Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып, өңірді дамыту жұмыстары жалғасады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Түркістан облысының даму бағытын жоғары бағалады.
– Түркістан – еліміздің мәдени және рухани астанасы. Біз үшін бұл өңірдің маңызы өте зор. Ең маңызды ресурс – адамдар. Бұл облыста адами капитал жеткілікті, халық саны көп. Тұрғындары – белсенді, іскер, еңбекқор. «Бәйтерек» холдингі өңірді дамытуға үлесін қосады және бүгін айтылған ұсыныстарды зерделейміз. Мақсатымыз – елді қолдау, аймақтарды дамыту, – деді Рустам Карагойшин.
Мәжілісте құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпке жауапты басқарма басшылары мен «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның басшысы өз салалары бойынша өзекті мәселелерді жеткізіп, қолдау көрсетуді сұрады. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы бойынша шаруаларды ертерек қаржыландыру, өңірдегі өндіріс орындарына қатысты инвестициялық жобаларды қолдау, мақта шаруашылығын несиелендіру көлемін ұлғайту, тұрғын үймен қамту бағытында да тиісті ұсыныстар берілді. Жергілікті кәсіпкерлер де өз сұрақтарын қойып, тиісті кеңестерін алды.
Айта кетейік, облыс тарапынан өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласында «Бәйтерек» холдингіне жеңілдетілген қаржыландыруды қажет ететін 12 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде жалпы құны 1,1 трлн. теңгені құрайтын 5 жобаның құжаты мақұлданған. Сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыруды қажет ететін 172,9 млрд. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаның өтінімдері «Бәйтерек» холдингінің еншілес қаржы институттарында қаралып жатыр.

