МАҚСАТ – ЖҮРГІЗУШІЛЕР АРАСЫНДА КӨЛІК ТӘРТІБІН АРТТЫРУ

Түркістан облысында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Қауіпті жүргізуші» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мақсат – жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заң бұзушылықтардың жолын кесу, апаттылықты азайту және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараның 7 тәулігінде 4486 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде: 41 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. 224 жүргізушінің көлік басқару құқығы болмай шықты. Мемлекеттік тіркеу белгілерінсіз жүрудің 117 фактісі және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 33 жайты анықталды. Мамандандырылған тұрақтарға 313 көлік құралы қойылды.

Сондай-ақ облыс полицейлері жүргізушілерге ақпараттық жадынамалар тарата отырып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Агрессивті көлік жүргізуге жол бермеуді, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігін және жол қозғалысының барлық қатысушыларына құрметпен қарауды ескертті.

Полицейлер мұндай іс-шаралар құқық бұзушыларды уақтылы анықтауға ықпал ететінін, жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыратынын және жүргізушілерді рульде мұқият болуға шақыратынын атап өтті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды