Бүгін Келес ауданына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері іссапармен келіп, жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар барысында олар аудан аумағында атқарылып жатқан профилактикалық шаралармен танысып, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында тұрғындарға тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, улы газдың алдын алу жөнінде кеңестер берілді.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, тұрмыстық өрттер мен улы газбен улану жағдайларының алдын алу болып табылады.
Естеріңізге саламыз: тұрмыстық өрттер және көрінбейтін жау – улы газбен улану жағдайлары адам өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мүлікке ең үлкен қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың бірі болып табылады. Көп жағдайда мұндай қайғылы оқиғалар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан немесе немқұрайлылықтан туындайды. Әрбір азаматтың міндеті – үйіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарапайым әрі тиімді алдын алу шараларын ұстану.
Тұрмыстық өрттердің басым көпшілігі электр жабдықтары мен жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбаудан немесе ақаулардан туындайды.
- Электр желісін шамадан тыс жүктемеу:Бір розеткаға көп қуат тұтынатын бірнеше электр құралын қосуға жол бермеңіз. Бұл қысқа тұйықталуға немесе сымдардың қызып, өртенуіне әкелуі мүмкін.
- Ақаулы құралдарды пайдаланбау:Сымдары зақымдалған, оқшаулауы бұзылған немесе ұшқындайтын электр құралдарын, ажыратқыштарды және розеткаларды дереу жөндеңіз немесе ауыстырыңыз.
- Қолдан жасалған немесе стандартқа сай емес қосқыштарды қолданбау:Тек сертификатталған және жарамды құралдарды пайдаланыңыз.
- Қыздыру құралдарын бақылауда ұстау:Электр жылытқыштарды матадан, жиһаздан немесе тез жанатын заттардан қашық орналастырыңыз (кем дегенде 0.5-1 метр қашықтықта). Жылытқыштарды көрпе, киім немесе басқа заттармен жабуға тыйым салынады.
- Үйден шығарда өшіру:Үйден ұзақ уақытқа шыққанда немесе ұйықтар алдында қажетсіз электр құралдарын (теледидар, үтік, т.б.) міндетті түрде желіден ажыратыңыз.
Сондай-ақ жылыту маусымына пештің жағдайын тексеру қажет:
- Пештің жағдайын тексеру:Пештер мен мұржаларда жарықтар, саңылаулар болмауы керек. Барлық ақауларды жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу қажет.
- Мұржаны тазарту:Түтіндікті күйеден кем дегенде екі айда бір рет тазартып отырыңыз. Лас мұржа тартуды (тяга) нашарлатады және улы газдың жиналуына себеп болады.
- Пеш алдындағы табақ:Жанатын отынның немесе көмірдің ұшқындары түспеуі үшін пештің алдына өлшемі кемінде 50х70 см болатын жанбайтын металл табақша (лист) бекітілуі керек.
- Шамадан тыс қыздырмау:Пешті белгіленген уақыттан артық немесе шамадан тыс қыздыруға болмайды.
- Тыйым салынатын заттар:Пешті жағу үшін бензин, керосин немесе басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға қатаң тыйым салынады.
- Пештің от жағу ережелері:Пешті жағып болғаннан кейін, көмірдің немесе отынның толық жанып біткеніне (көгілдір жалын жойылған соң) көз жеткізбей, мұржаның жапқышын (заслонка) жабуға болмайды. Уақытынан бұрын жабылған жапқыш үй ішіне улы газдың таралуына әкеледі.
- Техникалық қызмет көрсету:Газ жабдықтарына (қазандықтар, су жылытқыштар) және мұржаларға арнайы мамандар арқылы жүйелі түрде техникалық қызмет көрсетіңіз.
Улы газ (көміртек тотығы — CO) – иісі, түсі және дәмі жоқ өте қауіпті газ. Ол оттегі жетіспеушілігі жағдайында (толық жанбаған кезде) кез келген отынның (газ, ағаш, көмір) жануынан пайда болады және адамды байқатпай улайды.
- Желдетуді қамтамасыз ету:Газ және пеш жабдықтары орналасқан үй-жайларда үнемі таза ауа ағынын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе газ плитасын ұзақ уақыт қолданғанда немесе пешті жаққанда терезенің (форточка) ашық болуын қадағалаңыз.
- Датчиктерді орнату:Тұрғын үйлерде, әсіресе жылу беретін газ құралдары немесе пештер бар бөлмелерде улы газ (CO) детекторларын міндетті түрде орнатыңыз. Бұл құрылғылар газ концентрациясы қауіпті деңгейге жеткенде дабыл қағып, адам өмірін құтқарады.
- Газ құралдарын дұрыс пайдалану:
- Газ плиталарын үйді жылыту үшін қолдануға қатаң тыйым салынады.
- Газ құралдарын қажеттілігіне қарай ғана пайдаланыңыз және оны бақылаусыз қалдырмаңыз.
- Газ жабдықтарының жұмысын (тартуды/тяга) үнемі тексеріп отырыңыз. Жалынның түсі көгілдірболуы керек. Егер сарғыш-қызыл немесе тұрақсыз болса, бұл ауа жетіспеушілігін және улы газдың бөлінуін көрсетеді.
Улы газбен улану белгілері жеңіл дәрежеде: бас ауруы, бас айналуы, жүрек айнуы, әлсіздік, құлақтағы шу. Ауыр дәрежеде: сананың шатасуы, естен тану, кома.
Улану күдігі туындаса:
- Газды өшіріңізжәне барлық терезелер мен есіктерді дереу ашыңыз.
- Зардап шегушіні тез арада таза ауаға(далаға немесе жақсы желдетілетін бөлмеге) шығарыңыз.
- 103(Жедел жәрдем) немесе 112 нөміріне дереу қоңырау шалыңыз.
- Зардап шегушіні жатқызып, жылытыңыз. Есінен танса, тілінің тыныс алу жолын бітеп қалмауын қадағалап, бүйіріне жатқызыңыз.
Төтенше жағдайға дайын болыңыз:
Әрбір үйде немесе пәтерде төтенше жағдайда қолдануға арналған қарапайым құралдар болуы керек:
- Өрт сөндіргіш (Огнетушитель):Үйдің оңай қол жететін жеріне (мысалы, асүйге немесе дәлізге) орнатыңыз және оны қалай қолдану керектігін үйреніңіз.
- Детекторлар:Түтін және улы газ детекторларының батареяларын үнемі тексеріп, оның жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіңіз.
- Эвакуация жоспары:Отбасы мүшелерімен бірге өрт кезіндегі әрекет ету жоспарын алдын ала жасап, эвакуация жолдарын анықтаңыз.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау – сіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтаудың кепілі!

