МАҚСАТ – ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ҚОЛДАУ, ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі өндіріс саласының дамуына үлес қосып отырған бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар аясында мәжіліс депутаты аудан аумағында орналасқан «Ақниет холдинг» жиһаз өндіретін кәсіпорнының жұмыс барысын көріп, өндірістік үдерістерін жан-жақты көрді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – отандық өндірісті қолдау, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу болды. Кәсіпорын басшылығы өндірістік қуаттылық, өнім сапасы, нарықтағы сұраныс және алдағы даму жоспарлары жөнінде кеңінен баяндады.

Жұмыс сапарына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық мәслихат депутаты Бағлан  Мұсабеков сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров қатысты.

Кездесу барысында еңбек ұжымының әлеуметтік жағдайы, өндірісті кеңейту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және салада кездесетін өзекті мәселелер талқыланды. Ашық форматта өткен жүздесуде кәсіпорын жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

Кездесу соңында Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев өңірде өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Мұндай кәсіпорындар аудан экономикасының дамуына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқаратыны баса айтылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды