МАҚСАТ – КӘСІПОРЫНДАР МЕН МЕКЕМЕЛЕРГЕ КАДР ТАБУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ

Келес ауданында тұрғындарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген азаматтарға мүмкіндік беру және жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерге кадр табуға қолдау көрсету. Жәрмеңкеге ауданның түрлі саладағы кәсіпорындары, мекемелер мен жеке кәсіпкерлер қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Келген тұрғындарға кеңес беріліп, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Көпшілігі жұмыс берушілермен келісімге келіп, жұмысқа орналасуға жолдама алды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аудан бойынша еңбек нарығын дамыту бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асып келеді. Мәселен, «enbek.kz» платформасы арқылы 252 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқудан өтіп, сертификат алды. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 420 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 145 азамат өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант иегері атанған. Сонымен бірге, субсидиялық жұмыс орындарына жолданғандардың саны да артып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі және пробация есебіндегі азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, 169 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, 54-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 48 пробация есебіндегі азаматтың 20-сы тұрақты жұмыс тапты. Аудан бойынша «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы сәтті жүзеге асып келеді. Биыл 1700-ден астам азамат жаңа жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 600-ден аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, кедейлік деңгейі біршама төмендеген.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды