Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аудан, қалаларда жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту бастамалары жандана түсті. Осы ретте Ордабасы ауданының орталығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді мақсат еткен «Нәтижелер жәрмеңкесі» атты ауқымды іс-шара өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдениет үйінде ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаты Талғат Жанысбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен тұрғындар қатысты.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру арқылы аудан экономикасын өркендету.
Бұл бастама «Еңбек нарығын арттырудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Жұмысшылар жылы» аясында жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы нақты жетістіктері мен көрсеткіштері таныстырылды:
Өңірлік жұмыспен қамту картасы негізінде 2025 жылы 7484 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған;
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 7218 жаңа жұмыс орны құрылды;
1541 азамат субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды;
Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 2030 жұмыс орны тіркелді.
Жиында аудан басшысы сөз сөйлеп, жұмыспен қамту мен еңбек нарығын дамыту елдің тұрақты өсіміне негіз болатынын атап өтті.
– Жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі. Әрбір азаматтың еңбегі мен табысы – ауданның, облыстың және жалпы елдің тұрақты дамуының кепілі. Еңбек адамын қолдау, жұмыс орындарын көбейту – біздің басты міндетіміз, – деді.
Шара барысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып, кәсіпкерлік пен еңбек саласында жоғары белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді.

