Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасы Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторлары Ордабасы ауданында орналасқан «Айзере» балабақшасында болып, қызметкерлермен кездесу өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басты мақсат — жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу. Сонымен қатар жасөспірім балаларға қатысты жасалатын қылмысты болдырмау.
Осы орайда тәрбиешілерге отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары бойынша баяндама жасалып, зиянды әдеттердің, зорлық-зомбылықтың, келеңсіз жағдайлардың, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ақпарат берілді.
Кездесу соңында тараптар арасындағы байланысты күшейту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар ата-аналар мен тәрбиешілер, полиция қызметкерлері және әлеуметтік педагогтар мен психологтар бір-бірімен сенімді әрі тығыз қарым-қатынаста болуы айтылды.

