МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА

Түркістан қаласындағы Достық үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Еркінұлы партияның облыс филиалының активімен кездесті. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында аграрлық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және басқа да өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Депутат әрбір қойылған сауалға жеке тоқталып, айтылған мәселелер назарға алынатынын атап өтті. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды.

Содан соң Түркістан көпсалалы индустриялық техникалық колледжінің студенттерімен еркін форматта кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар Еркінұлы қатысып, жастармен ашық әрі мазмұнды диалог жүргізді.

Жиын барысында білім алу, мамандық таңдау, еңбек нарығы, жастар бастамалары және олардың ел дамуына қосар үлесі сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды әрі нақты жауаптар алды.

Мұндай кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.

Сондай-ақ Ислам Сұңқар Еркінұлы Түркістан қаласында BNK Group ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерімен ашық әрі еркін форматта пікір алмасу өтті. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, саладағы түйткілді сұрақтар мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Депутат ел дамуы жолындағы мемлекеттік саясат, еңбек адамын қолдау, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жұмыс орындарын сақтау және еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, нақты шешімдер қабылдауға жол ашады. Еңбек ұжымдарының пікірін ескеру – сапалы заңнамалық бастамалардың берік негізі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды