МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және “Ақ жол” партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұржан Толқынұлы Шардара ауданына іс-сапармен барып, жаңадан салынып жатқан өндірістік парктің құрылысымен танысты. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалы хабарлады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен Шардара қаласында, Түгелбаев көшесі бойында аумағы 2 гектарды құрайтын өндірістік парк бой көтеруде. Қазіргі таңда нысанның кіреберіс аркасы орнатылып, аумағы толық қоршалған. Сонымен қатар жол, жарық, су және газ жүйелері тартылған. Алты ғимараттың іргетасы құйылып, металл қаңқалары тұрғызылған. Құрылыс жұмыстарын 1 сәуірге дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Аталған өндірістік паркте жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, нәтижесінде 44 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұнда жиһаз өндірісі, үй қасбеттерін әрлеу, пеноблок, жылыту панельдері және ағаш өңдеу цехтары жұмыс істейтін болады.

Жоба “ЖК Бекарыс” тарапынан жүзеге асырылуда. Жоба иесі — “Ақ жол” партиясының өкілі, Шардара аудандық мәслихат депутаты Бекарыс Базаров.

Айта кетейік, Шардара ауданында 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталуға жақын. Бүгінде нысанның жалпы құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалып, қазіргі таңда ішкі әрлеу, кафель төсеу және таза (чистовой) жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар пәтерлерге есік тұтқалары орнатылып жатыр.

Аталған тұрғын үй болашақ шағын аудан аумағында орналасқан. Жоба бойынша мұнда екі бөлмелі 57 шаршы метрлік және үш бөлмелі 66 шаршы метрлік пәтерлер қарастырылған. Егер биыл қаржы бөлінсе, тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта нысанға газ құбыры тартылып, жылы және суық су желілері жүргізілуде.

— Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір ішкі әрлеу мен соңғы жұмыстар атқарылуда. Инженерлік инфрақұрылым желілері қосылып жатыр, — дейді Шардара аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асыланбай Мақашов.

Нысанның құрылыс барысымен ақын,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса  және “Ақ жол” партиясының Түркістан облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұржан Толқынұлы арнайы барып танысты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды