«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбетәлиевтің депутаттық қызметі аясында көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Соның айқын дәлелі Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауылдық округінің Атажұрт елді мекеніндегі ауыз су мәселесінің толық әрі жүйелі түрде шешілуі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған мәселе қазығұрттық тұрғындардың депутаттың жеке қабылдауына келіп, елді мекендегі көп жылдан бері қордаланып келген ауыз су тапшылығы туралы өтініш білдіруінен кейін көтерілген болатын. Тұрғындар орталықтандырылған ауыз су жүйесін салу мәселесіне нақты ықпал етуді сұрап, депутаттан қолдау көрсетуді өтінген. Халықтың бұл өтініші назардан тыс қалмай, облыстық мәслихат депутатының тікелей араласуы мен депутаттық сауалдары нәтижесінде мәселе тиісті деңгейде қаралып, нақты шешімін тапты.
Атажұрт елді мекеніндегі ауыз су нысанының құрылысы заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша құрылған арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны 714,3 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіліп, нысан 2025 жылдың қазан айында, Республика күні қарсаңында ел игілігіне берілді.
Орталықтандырылған ауыз су жүйесінің іске қосылуы Атажұрт елді мекенінің тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік мәселені толық шешіп қана қоймай, тұтас Қазығұрт ауданының әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытуға серпін берді. Аталған жобаның жүзеге асуының нәтижесінде Қазығұрт ауданы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған аймақтар қатарына қосылды. Бүгінде аудандағы 61 елді мекеннің барлық тұрғындары сапалы әрі қауіпсіз ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие.
Жалпы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы есепті кезеңде өзі сайланған Қазығұрт ауданында халықпен тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, депутат тарапынан 7 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 63 азаматтың жеке мәселесі қаралған. Қабылдаулар барысында көтерілген өтініштер мен ұсыныстардың 54-і оң шешімін тауып, бұл жалпы өтініштердің 73,5 пайызын құрады.
Бұл көрсеткіштер депутаттық қызметтің нақты нәтижеге бағытталғанын, халықпен кері байланыстың тиімді жолға қойылғанын және көтерілген мәселелердің тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүйелі түрде шешіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамалар мен депутаттық сауалдар өз жалғасын табады.

