МҰНДАЙ КЕЗДЕСУЛЕР АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕРІ СӨЗСІЗ

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың жергілікті халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ашық түрде тыңдап, туындаған мәселелерді бірлесе шешуге арналған маңызды кездесуі Бірінші Мамыр ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өзекті мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы  аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, әрбір мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар ауыз су жүйесін жаңарту және оны үздіксіз жеткізу, ішкі жолдарды жөндеу мен асфальттау, жайылымдық жерлердің жеткіліксіздігі, кей азаматтардың жер телімдерін заңсыз қоршауы және тұрғын үй құрылысын жүргізуі, көше жарығын орнату, аяқжол салу, ағын су мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ Таубай ата көшесіне түнгі жарық орнатқаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Кездесуде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол бойындағы шағын орманды қоршау, малдың еркін жүруін шектеу және «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату мәселелері де талқыланды.

Осы және өзге де көтерілген мәселелер бойынша аудан басшысы тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.

«Халықпен ашық пікір алмасу – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Әрбір азаматтың ойы мен ұсынысы біз үшін маңызды. Тұрғындардың көтерген мәселелері міндетті түрде назарға алынып, заң аясында шешімін табады. Біз бірлесе әрекет ету арқылы ғана ауылдың әлеуетін арттыра аламыз», – деді Еркеғали Амантайұлы.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдады. Әрбір азаматтың мәселесі жеке қаралып, тиісті жауаптар беріліп, нақты бағыт-бағдар көрсетілді.

Ашықтық пен жауапкершілік қағидатына негізделген мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды