МҮГЕДЕКТІГІ БАР МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН БЕЛСЕНДІ ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ

Қалада мүгедектігі бар тұрғындардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру мақсатында бірқатар бағдарлама мен жобалар іске асырылуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мүгедектігі бар 1 120 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды: 37 адам «Күміс жасқа», 26 адам «Алғашқы жұмыс орнына», 146 адам «Қоғамдық жұмысқа», 47 адам «Жастар практикасына», 9 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 32 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Сонымен қатар, 485 адам тұрақты жұмысқа орналасып, мүгедектігі бар 70 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. 268 адам «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік білім алды.

Биыл Шымкент қаласының еңбек мобильділігі орталығына жүгініп, тұрақты жұмысқа орналасқан 30 жастағы Әсел Медеубаева өз тәжірибесімен бөлісті. Денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған үш баланың анасы аудандық мансап орталығының қолдауымен қалалық перзентханаға медбике болып жұмысқа орналасты.

«Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін бірнеше ауруханадағы бос орындар ұсынылды. Үйіме жақын орналасқан қалалық перзентханаға жұмысқа тұруды шештім. Қазір нәрестелер мен шала туған сәбилерді күту бөлімшесінде қызмет атқарамын. Жұмысым ұнайды, жас аналар мен әкелердің алғысына бөленіп жүрмін. Мемлекеттік қолдау аясында осындай мүмкіндік беріліп отырғанына қуаныштымын!», – деді Әсел Ерланқызы.

Сонымен қатар, Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған квота да бекітілді. 2023 жылдың 30 қарашасында бекітілген квота бойынша 42 мекемеге 143 мүгедектігі бар тұрғын жұмысқа орналасты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды