21 мамыр – Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күні» мерекесіне орай аудандық «Жетісай» мәдениет үйінде арнайы іс-шара болып өтті. Аталмыш шараға ауданға қарасты қала, кент және ауылдық округтерде орналасқан мәдениет үйлерінің, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының қызметкерлері қатысты. Бұл туралы «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
– Тәуелсіз Қазақстанымыздың іргетасын қалап, шаңырағын көтеріп, уығын бекемдеуде, ата-бабамыздан бері ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп келген мәдени құндылықтарымыз бен саф алтындай өнер туындыларымызды сақтауда, замана талабына сай толықтырып, кеңінен насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз орасан. Сіздердің қажырлы адал еңбектеріңіздің нәтижесінде біз мәдени мұраларымыздан ажырамадық, қадір-қасиетін бағалап, ұғына білдік. Сол үшін де сіздерге айтар алғысымыз шексіз! – деген “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы, Жетісай аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров ауданның мәдениет және өнер саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан бірқатар мәдениет және өнер саласының мамандарына аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстап, сый-сияпат жасады.
Ұлттық мәдениеттің халықтың бет бейнесі екендігін паш ете отырып құндылықтарымызды насихаттау, жас таланттарға сахна өнерін игертіп, аға буын өнерпаздардан өнеге алуына жағдай жасау, ата-бабадан мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан мәдениетіміздің майталмандарының төл мерекесін тиісті дәрежеде атап өту мақсатында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов та қатысып, үздіктерге құрмет көрсетті. Жергілікті өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі. Көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.