Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Енді бұл шаһар ұлттық спорттың да халықаралық орталығына айналуда. Жаңа салынған көпфункциялы атшабарда көкпардан Әлем чемпионаты өтпек. Бұл – ел спорты үшін тарихи оқиға. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласындағы атшабар кешенінің аумағы 99,5 гектарды құрайды. Мұнда 1500 орындық үш қабатты трибуна, конкурға арналған жабық манеж, аттарға арналған жабық және жаздық қоралар, ветеринариялық блок пен зертхана бар. Ұзындығы 2640 метрлік бәйге жолы мен көкпар алаңы халықаралық талаптарға сай салынған. Көкпар алаңында тікелей көрсетілім жүргізетін LED экран орнатылған.
Нысан Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі базасында жұмыс істейді. Қазір мектепте 629 спортшы, 44 жаттықтырушы еңбек етеді. Олар ұлттық спорттың 11 түрі бойынша дайындалып, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Алдағы көкпардан Әлем чемпионаты – тек жарыс емес, ұлттық рухтың мерекесі. Түркістанда өтетін бұл дүбірлі додада әлемнің үздік құрамалары бас қосып, қазақтың көкпар өнерін әлемге танытпақ.
Ұлттық спорттың ұлы дүбірі енді Түркістанда естілмек!

