ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы тұрғындарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, көтерілген мәселелерді басқарма басшыларымен бірге зерделеп, нақты жауаптар берді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдау барысында Түркістан қаласының тұрғыны баласының көру қабілетінің күн санап төмендеп бара жатқанын айтып, медициналық қызмет сапасына шағым білдірді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесін көтерді. Өтініш иесінің мәселесі мұқият қаралып, Түркістан қалалық емханасының басшысына баланың толық медициналық тексеруден өтіп, тиісті ем-шаралармен қамтамасыз етілуі тапсырылды. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған азаматқа биыл да қолданыстағы талаптарға сәйкес мүмкіндік қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ өтініш иесін «Lihua» тігін фабрикасына тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілетін болды.

Отырар ауданының Мыңшұқыр ауылынан келген тұрғын мамандығы мейірбике екенін, бұрын Шымкент қаласында бірнеше жыл еңбек еткенін, алайда қазіргі таңда ауылдық жерде жұмыс таба алмай жүргенін айтты. Асхан Байдувалиев бұған дейін де қабылдауда болған азаматқа жұмысқа орналасу үшін медициналық тесттен өту қажеттігін еске салып, электронды форматта тапсырылатын тестілеуден өту тәртібін түсіндіретін жауапты маманмен байланыстырылатынын және сынақтан өткен соң жұмысқа орналастыру мәселесі қайта қаралатынын атап өтті.

Қазығұрт ауданынан онлайн байланысқа шыққан тұрғын Қызылқия елді мекеніне фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселесін көтерді. Бұл сауалға облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбетәлиев аталған медициналық нысан құрылысына қатысты өтінімнің Астанаға жолданғанын және мәселенің тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Сондай-ақ қабылдау барысында бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Гепатит D диагнозы бойынша сақтандырусыз тегін дәрі-дәрмек алу мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойып, тиісті түсіндірме алды.

Қабылдауға келген тұрғындар бұдан бөлек мүгедектік рәсімдеу, медициналық қызметкерлердің салғырттығына қатысты шағымдар, тегін дәрі-дәрмекке қолжетімділік, тұрақты жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқыту орталықтарының жұмысына қолдау көрсету секілді бірқатар әлеуметтік және медициналық мәселелерді көтерді. Барлық өтініштер мұқият тыңдалып, заң аясында нақты жауаптар берілді.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды