ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫНА СӘЙКЕС ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының аудан тұрғындарымен кездесуі Ақтөбе ауыл округінен басталды. Кездесуге аудан әкімінің сала орынбасарлары, бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл округінің әкімі, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған міндеттерді де атап өтті.

Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған жерінде мәдени-спорттық іс-шаралар тұрақты өтіп келеді. Елді мекенде балалардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, Ә.Қамбаров атындағы жабық спорт кешені және ашық спорт алаңшасы балалардың дене шынықтырумен еркін айналысатын орнына айналған.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес ағымдағы жылы Ақтөбе ауылының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 298 үй тұрақты таза сумен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, ауыл округіндегі Жаңа көше-2 және Ынтымақты көшелеріне асфальт төселіп, ел игілігіне берілді. Ал, жыл соңына дейін А.Құнанбаев пен Ә.Құрамысов көшелеріне жарықшамдарды орнату жұмыстары атқарылады деп күтілуде.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары жайылымдық жер, ағын су, мемлекет меншігіне алынған каналдың құжаттарын рәсімдеу, ауылдың кіре берісін абаттандыру секілді мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Көтерілген мәселелерге байланысты жауапты сала басшылары жауап беріп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды