ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУҒА МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУДА

Мемлекет басшысының түбегейлі саяси реформаларын өңірлерде және ауыл-аймақтарда тиімді іске асыруда мәслихаттардың рөлі ерекше. Сенім мандатына ие болған депутаттар мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындауда, партияның басым бағыттарын жүзеге асыруда және Сайлауалды бағдарламасында айқындалған жоба-жоспарлардың орындалуын үйлестіруде белсенділік танытып келеді. Осы мақсатта депутаттардың қоғам алдындағы есеп беру кездесулері басталды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ашып берген брифинг алаңында Кентау қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов пен Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев ашып, брифингтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылайтын және алдағы міндеттерді айқындайтын ашық диалог алаңы екенін атап өтті.

Полат Мұратұлының айтуынша, өкілді билік органдары мен партияның бірлескен жұмыстарының нәтижесінде өңірде бірқатар маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Бұл алаң халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды жария етіп, депутаттардың атқарған жұмыстары жөнінде ашық есеп беруін көздейді.

Брифинг барысында алғаш сөз алған Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев депутат ең алдымен халықтың сенімін арқалаған қызметші екенін атап өтті. «Қазіргі таңда 250 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қалалық мәслихатының құрамында 17 депутат бар, оның 16-сы  «AMANAT» партиясының мүшесі. Мәслихат жанында 4 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Биылдың өзінде 6 сессия, 17 комиссия отырысы өткізіліп, қорытындысында 36 шешім қабылданды. Халықты толғандыратын мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 189 депутаттық сауал жолданды», – деді Ғаппар Амантайұлы.

Оның айтуынша, қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының 3 отырысы өтіп, 5 өзекті мәселе қаралған. Сонымен қатар, депутаттар 20-дан астам құрылыс нысандарына мониторинг жүргізіп, 4 сала бойынша кешенді талдау жасаған. Ғаппар Сәрсенбаев депутаттардың халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, жеке қабылдауларда айтылған мәселелердің шешімін табу үшін тиісті органдарға хаттар жолданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда ұсталып отыратынын жеткізді.

– Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына мәслихат депутаттары өз үлесін қосып келеді. Әрбір іс-шарада қаланың рухани келбеті, ұлттық дәстүр мен мәдениет көрініс табуы қажет. Сондай-ақ, қайырымдылық қорларындағы қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру үшін арнайы комиссия құрып, құрамына депутаттарды енгізу жөнінде ұсыныс бердік, – деді ол.

Кентау қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов өз сөзінде қала депутаттарының биылғы жылы 80 депутаттық сауал жолдағанын айтты. «Біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, жер қатынастары, денсаулық сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағыттарында өзекті мәселелерді көтеріп келеміз. Сессияларда қалалық бюджеттің орындалуы, бөлім басшыларының есептері мен өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты басқа да мәселелер талқыланды», – деді мәслихат төрағасы.

Қаблан Жамалбекұлы «AMANAT» партиясының қолдауымен Кентау жылу-энергоорталығының күрделі мәселесі шешімін тауып, бүгінде тұрғындар тарапынан оң бағасын алып отырғанын айтты. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы өзекті болған Шұғыла шағын ауданындағы ауызсу және Қарнақ ауылындағы мәдениет үйі мәселелері де депутаттардың табандылығы арқасында оң шешімін тапқан.

– Бұл мәслихат пен партияның үйлесімді жұмысының нақты нәтижесі. Біз халықтың сенімін ақтау үшін әр мәселені жіті бақылауда ұстаймыз, – деді Қаблан Елеусізов.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Түркістан қаласындағы айналма жол мен Кентау–Түркістан бағытының жолын кеңейту, сондай-ақ жастардың интернет ойындарына тәуелділігі және Түркістанның ұлттық брендін қалыптастыру мәселелерін көтерді. Спикерлер әр сауалға нақты, жан-жақты жауап беріп, журналистердің ұсыныстарын назарға алатынын жеткізді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды