ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕК ПЕН АДАЛ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖЕМІСІ

Бүгін Шымкент қаласында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті ХХVІІ сессиясы аясында қала дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Сессия барысында Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен бірқатар тұлғаларға «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы қаулы қабылданды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Мәртебелі атаққа ие болғандардың қатарында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев те бар. Бұл марапат оның жылдар бойы Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесінің нақты дәлелі.

Алтынсары Дүйсенбекұлының еңбек жолы терең тәжірибе мен адал қызметке негізделген. Ол өзінің алғашқы еңбек қызметін 1980 жылы Шымкент қаласындағы «Шымкентсельхозстроймонтаж» тресіне қарасты СПМК-5 мекемесінде қауіпсіздік техникасының инженері ретінде бастаған. Кейінірек ішкі істер саласына келіп, құқық қорғау жүйесінде, нақтырақ айтқанда, экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес бағытында ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарды.

Шымкент қаласының қаржылық-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, салық және қаржы жүйесін дамыту ісінде Алтынсары Үмбетәлиевтің есімі елге кеңінен танылды. Ол Салық милициясы мен экономикалық қылмыстарға қарсы күрес басқармасының, сондай-ақ Салық департаментінің басшылық лауазымдарында жүріп, қаланың экономикалық тұрақтылығы мен көлеңкелі экономикамен күреске зор үлес қосты.

Қаржы саласындағы табысты қызметінен бөлек, Алтынсары Дүйсенбекұлы бүгінгі таңда қоғамдық-саяси өмірде де белсенді азамат ретінде танылып келеді. Қазіргі уақытта ол «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы қызметін атқара отырып, партияның стратегиялық бағыттарын өңірде табысты іске асыруға мұрындық болуда. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияны басқара отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, аймақтың дамуына бағытталған маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етіп келеді.

«Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағы – көп жылдық адал қызмет пен жоғары кәсіби жауапкершіліктің, туған жерге деген жанашырлықтың бағасы. Бұл атақ тек Алтынсары Үмбетәлиевтің жеке жетістігі емес, сонымен қатар еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан барлық мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің көрінісі.

Шымкент қаласының қаржылық жүйесін нығайтуда, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуде, және қазіргі таңда партиялық-саяси бағыттағы бастамаларды ілгерілетуде өлшеусіз үлес қосып жүрген Алтынсары Дүйсенбекұлының бұл марапаты – лайықты еңбек пен адал қызметтің жемісі.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұжымы мен партияластары, әріптестері Алтынсары Үмбетәлиевті ел мен халық алдындағы адал қызметінің лайықты бағасы – «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын алуымен шын жүректен құттықтайды. Алдағы уақытта да абыройлы қызметі мен ел дамуына қосар үлесі жалғасын табарына сенім мол.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды