КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНА 16 ЖАҢА ТЕХНИКА САТЫП АЛЫНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Жетісай ауданында санитарлық тазалық пен экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ілкімді істер жүзеге асырылуда. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Былтыр жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қала тазалығын сақтауға арналған заманауи техникалар алынса, биыл облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен облыстық бюджеттен қаржы қаралып, ауданның коммуналдық шаруашылық саласына қажетті 16 жаңа техника сатып алынды.

Жыл мезгілдеріне байланысты қар, құм, шаң тазалайтын арнайы құрылғылары бар 13 заманауи трактор мен 13 тіркемені, 3 дана жүк тиегіш техниканы сала мамандарына салтанатты түрде табыстаған аудан әкімі Серік Мамытов жаңа техникалардың ауданның санитарлық тазалығын жақсартуға, экологиялық мәдениетті арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасы аясында өткен жылы ауданда 35 сенбілік өткізілсе, биылғы жылдың басынан бері 75 ауқымды сенбілік ұйымдастырылған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды