Сауран аудандық мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Махсуд Хажиев аудандық кітапханаға бірқатар құнды кітаптарды сыйға тартты. Игі бастаманың мақсаты – оқырмандардың саяси сауаттылығын арттыру, жастардың азаматтық белсенділігін нығайту, сондай-ақ кітапхана қорын сапалы әдебиеттермен толықтыру. Бұл туралы «Ақ жол» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Сыйға берілген кітаптар қатарында еліміздің демократиялық даму жолы, кәсіпкерлік негіздері, құқықтық мемлекет құру қағидаттары, ұлттық құндылықтар жайлы еңбектер қамтылған. Бұл кітаптар – тек оқу материалы ғана емес, жас буынды ойландыратын, білім көкжиегін кеңейтетін маңызды құрал болмақ.
Кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, аталған әдебиеттерді оқу залында, сондай-ақ танымдық кездесулер мен шараларда кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.
Махсуд Хажиев өз сөзінде:
– Білім мен кітап – кез келген қоғамның дамуының басты негізі. Кітапхана – бұл жай ғана оқу орны емес, бұл – рухани тәрбие орталығы. Сондықтан жастарды кітапқа баулу – бәрімізге ортақ міндет, – деп атап өтті.
Бұл игі іс-шара аудандық кітапхана өміріне тың серпін беріп, оқырмандарды сапалы әрі мазмұнды әдебиетпен қайта қауыштырды.