Түркістан облысы аумағында 2025 жылғы қазан айының 13-17 күндері аралығында «Заңсыз-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Осы ретте департаментке қарасты қабылдап-тарату бөлімі тұлғаны анықтау және құжаттандыру үшін алып келінген шетел азаматтарын тәулік бойы қабылдайды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлері заңсыз көші-қон арналары мен ұйымдастырушыларына қатысты анықталған деректер бойынша алдын ала анықтау амалдарының толыққанды жүргізілуін бақылауға алады. Сондай-ақ жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық жасаған шетелдіктерді анықтау бойынша жұмыстар жандандырылады.
Учаскелік полиция инспекторлары өз қызмет аумақтарында орналасқан құрылыс объектілері мен шетелдіктер көптеп шоғырланған жерлерді тексереді. Жедел топтар базарлар мен өзге де сауда орталықтарын, жылыжай, шаруа, фермер қожалықтарын, ауыл шаруашылығы алқаптары, мал шаруашылығы қораларын, саяжай массивтерін, наубайхана, құрылыс объектілерін тексеруге баса назар аударады.
Негізгі мақсат — облыс аумағында шетелдіктер мен оларға қарсы жасалатын қылмыстарды анықтап, өзге ел азаматтарының заңсыз жүруінің жолын кесу.