Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті жұмыс жиыны өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен жұмыс жиынына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов, бірқатар аудандық мәслихат төрағалары, аумақтық партия филиалдарының жетекшілері, облыстық партия филиалының жауапты өкілдері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Бюро мүшелері жиынның күн тәртібіне сәйкес алты мәселені қарастырды. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының алаңында салалық бағыттар бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай есеп берсе, партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, бастауыш партия ұйымдарымен бірлескен жұмыстар, депутаттық этика талаптарының сақталуы, депутаттық сауалдар жолдаудың нәтижелері, мандат иелерінің ақпараттық кеңістіктегі белсенділігі туралы Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың, Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Имангелді Түймебаевтың, Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Бақдәулет Джумабековтың, Сарыағаш аудандық мәслихатының төрағасы Рысбек Асылбекұлының жұмыс есептері тыңдалды.
Мәжілістің мән-маңызына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдарға да, мәслихаттарға да ортақ міндет екенін айтты. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты және балалар спортын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, өндірісті жолға қоюға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға баса мән берілгенін жеткізді. Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иелері екенін айта отырып, әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану және оны ел мүддесіне жүзеге асыру екеніне тоқталды. Партия, атқарушы билік және өкілді органдар өзара үйлесімді жұмыс істеуі керектігін білдірді.
– Біз сайлаушылардың партияға деген сенімін нығайту мақсатында, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлының әкімдіктер мен мәслихаттар өзара бәсекелес те, қарсылас та емес – серіктестер деп айтқан сөзін назарға ала отырып, бүгін аумақтық басқарма басшылары мен мәслихат төрағаларының атқарып жатқан жұмыстары туралы есептерін тыңдау үшін облыстық Саяси кеңесі Бюросының отырысын өткізіп отырмыз, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысы партияның Сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамыту саласы бойынша 2 индикаторлық көрсеткіш және 5 негізгі іс-шара көзделгенін жеткізді. Оның ішінде спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету индикаторлық көрсеткіші 2024 жылы 41,5 пайызға жетіп, жоспар толығымен орындалғанын айтты. Ал биылғы төрт айда бұл көрсеткіштің орындалуы 41,8 пайызға жеткен. Дене шынықтырумен жүйелі айналысатын азаматтардың үлесін арттыру индикаторлық көрсеткіші
2024 жылы 885 485 адамға немесе 41,1 пайызға жеткенін, биылғы төрт ай қорытындысымен меженің орындалуы 41,6 пайызды құрайтынын білдірді. Сондай-ақ басқарма басшысы жекелеген тармақтар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Хабарламаны мұқият тыңдаған бюро мүшелері басқарманың жаңадан тағайындалған басшысына партияның ерекше бақылауында тұрған мәселелер бойынша ұсыныстарын білдіріп, оларды жіті қадағалауда ұстауды тапсырды. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Түркістан қаласында салынып жатқан ипподром құрылысын партиялық бақылауға алу жөнінде ұсыныс білдіріп, қалада жаңадан салынған спорт кешендерінің белсенді қызметін қамту керектігін айтты. Облыстық мәслихат депутаттары, бюро мүшелері Алмас Салимов пен Динара Егамбердиева Сарыағаш ауданы, Жылға елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысын жеделдету, психологиялық тұрғыда әлсіз және ерекше қажеттіліктері бар балаларды, аутизм спектрі бұзылысқа ұшыраған жас өскіндерді спорттық секцияларға қамту, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет атқаратын спорттық ұйымдармен байыпты қатынас орнату мәселелерін қозғады.
Партия қабылдаған Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасында кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық әлеуетті арттыру мәселелері бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбайдың хабарламасы тыңдалды. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында облыс көлемінде 210 мыңнан аса субъект жұмыс істейтіні айтылып, салада өндірілген өнім көлемі 133,4 пайызға артқаны мәлімделді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін барлық қолдау бағдарламалары арқылы несиелендіру көлемі биыл 109 млрд. теңгеге жететіні хабарланды. Өткен жылы бірыңғай кешенді бағдарлама арқылы пайыздық ставканы субсидиялау негізінде 7-8 пайыздық көрсеткіш көлемінде кәсіпкерлік субъектілері 60,2 млрд. теңге жеңілдетілген несиемен қамтылғаны айтылды. Несиелердің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі саласына бағытталған. Биыл осы жұмыстарды жалғастыруға 16,5 млрд. теңге бөлінген. Басқарма өкілі биыл кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 70 млрд. теңгеге жеткізу межеленіп отырғанын айтты.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша биылға 7,4 млрд. теңге қаралған. Оның, 1,4 млрд. теңгесі кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланған. Осы бағытта 80 бизнес кейстік жобалар әзірленіп, кететін шығын, түсетін пайда, қажетті шикізат және құрал жабдықтар бойынша алдын ала есептеулер жүргізілген. Сондай-ақ жиын барысында өңірімізде 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,3 трлн. теңгені құрайтын, 19 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделгені айтылды. Оның ішінде 57 жоба биыл іске асатын болады. Әр жобаның құны 500,0 млн. теңгеге дейінгі инвестжобалар тізімі жасалып, жалпы құны 101 млрд. теңгені құрайтын 412 жоба іріктелген. Бұл жобалар да кезең-кезеңімен іске асатын болады. Басқарма өкілі сондай-ақ индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тоқталып өтті.
Қаралған мәселе бойынша бюро мүшелері партияның Жол картасына енген Ордабасы, Шардара, Созақ, Түлкібас аудандары мен Кентау қаласында ашылуы тиіс жаңа өндіріс орындары туралы сауалдар қойды. Өндірістік парктерді шалғайда жатқан аумақтарда емес, транспорттық инфрақұрылымы дамыған аймақтарда орналастырудың тиімділігін айтты. Басқарма тарапынан тек ашылатын өндіріс орындарына ғана емес, іске қосылған кәсіпорындардың толық өндірістік қуатына шығуына көмек көрсетілуі керек екенін де білдірді. Сайрам ауданында электр қуатының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар ірі өндірістік орындары электр қуатын алуға техникалық шарт ала алмай жүргені айтылып, бұл бағытта басқарма тарапынан пәрменді жұмыстар атқарылуы керектігіне назар аударылды.
Кәсіпорындардың айналым қаражатын қамтуда мемлекеттік бағдарламалар аясында несиенің үстемеақы ставкаларын субсидиялаудың шарттарын түсіндіру, өндірісті дамыту қоры арқылы берілетін жеңілдіктердің талаптары жөнінде қоғамды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізудің маңызды екені айтылды. Инвестициялық штаб тек шет елдік компаниялармен жұмыс істейтін орын болмауы керектігі мәлімделіп, штабтың көмегіне отандық инвесторлардың да жүгінуіне жағдай жасалуы қажет деп байыпталды.
Жиынның күн тәртібінде қаралатын қалалық, аудандық мәслихат төрағаларының есебіне байланысты партияның облыстық филиалы жүргізген талдау, саралау жұмыстарының нәтижесі туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев хабарлама жасады.
Партия өкілдері Түркістан қалалық, Бәйдібек, Ордабасы, Сарыағаш аудандық мәслихаттарындағы партиялық фракция депутаттарының партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуында депутаттардың жеке жауапкершіліктерін таразылап, сайлаушылар білдірген сұраныстардың негізінде, сенім мандаты иелерінің бастамасы бойынша іске асқан депутаттық сауалдар жолдау, депутаттық өтініштер беру көрсеткіштерін зерделеді. Депутаттардың өз қызметі бойынша қоғам алдында есеп беруін қамтуда, атқарып жатқан қызметі жөнінде қоғамдастықты хабардар етуде, олардың ақпараттық кеңістіктегі белсенділігі сараланды, БАҚ пен әлеуметтік желідегі жариялы ұстанымына баға берілді. Депутаттардың жергілікті жерлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысын қадағалауда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын үйлестіруде партиялық бақылау шараларына қатысу белсенділігіне талдау жүргізіліп, сайлаушылардың мүддесін білдіру жұмыстары бағаланды. Депутаттық мандат иелерінің бастауыш партия ұйымдарымен ықпалдастығы, бастауыш ұйымдарда қоғамдық қабылдаулар өткізу кездесулері, жергілікті тұрғындар білдірген өтініштердің оң шешім табуына қосып жатқан үлестері сараланды.
Партия алаңында айтылған мәселелер бойынша Түркістан қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жұмыс белсенділігі туралы қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы есеп берсе, Бәйдібек аудандық мәслихатындағы аманаттық өкілдердің жұмыс нәтижелері туралы аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Қансейітұлының хабарламасы тыңдалды. Ордабасы аудандық мәслихатындағы партиялық фракция мүшелерінің «AMANAT» айқындаған мақсаттар мен міндеттерді іске асырудағы жұмысы туралы аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Құрманбекұлы айтып өтті. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен депутаттық корпустың қоғамдық және саяси қызметі жөнінде Сарыағаш аудандық мәслихатының төрағасы Рысбек Асылбекұлы хабарлама жасады.
Жиын барысында айтылған барлық қосымша ұсыныстар мен сын ескертпелер облыстық партия филиалының Саяси кеңес Бюросы қабылдаған қорытынды құжатқа енгізіліп, онда қамтылған барлық тармақтардың орындалуы қатаң бақылауда болады.