Шымкентте баспана кезегінде тұрған тағы 30 отбасы жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. Қоныстанушылар қаланың қарқынды дамып, жаңа тұрғын орта қалыптасып келе жатқан Асар-2, Тұран және Бозарық шағынаудандарындағы үйлерге орнығады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Айта кетейік, коммуналды үй қорынан берілген баспана толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ, жетім және мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды.
Жаңа пәтерлер көп қабатты үйлерде орналасқан, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылған және қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындарға бірден қоныстанып, үй-жайын реттеуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Пәтерлер жаңа үйлер пайдалануға беріліп, құжаттарды рәсімдеу аяқталған сайын тапсырылады.

