ӘКІМ ШАРУАЛАРМЕН ПІКІРЛЕСІП, ЕҢБЕКТЕРІНЕ ТАБЫС ТІЛЕДІ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мақта терім жүріп жатқан алқаптарды аралап, шаруалардың жұмысымен танысты. Биыл аудан көлемінде 11 975,6 гектар жерге мақта дақылы егілген. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 054 гектарға артық. Егістіктің басым бөлігі Ескі Иқан ауылдық округінде егілсе, қалған алқаптар Жүйнек, Қарашық, Шаға, Жібек Жолы, Шорнақ, Жаңа Иқан, Иассы, Оранғай және Үшқайық ауылдық округтерінде орналасқан. Шаруашылықтарда өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісі кеңінен енгізілуде. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, жер құнарлылығын сақтауға және мақтаның сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

2024 жылы аудан бойынша орташа түсім 31,2 центнерді құрап, 34 174 тонна мақта жиналған болатын. Биыл бұл көрсеткішті жақсартып, жалпы 38 320 тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда шаруалар 4 434 гектардан өнім жинап үлгерді. Орташа түсім 37 центнерді құрап, барлығы 11 963 тонна мақта жиналды. Мақта қабылдау жұмыстарын «Goldеn Cotton» ЖШС, «Қазақстан мақта» ЖШС, «Нұр Агро-73» ЖШС , «Картекс» АШӨК және «Казтекс» ЖШС жүзеге асыруда.

Аудан әкімі шаруалармен пікірлесіп, агроөнеркәсіп саласында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, олардың қажырлы еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ өнімділікті арттыру және жиналған мақтаны дер кезінде өткізу бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды