Түркістан облысының аудан және қалаларында жалпы 22 шағын өндірістік алаңдар құрылуда. Алаңдардың жалпы аумағы – 225,4 гектар, бұл аумақтарда 256 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік ғимараттарда жүзеге асатын 152 жоба пысықталып отыр, олардың инвестициялық құны – 212,8 млрд. теңге. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бағыттағы жұмыстар мен мәселелер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне өндірістік алаңдарды құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
– Барлық аудан және қалаларда өндірістік парктерді құру жұмыстарын 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырғанмын. Дегенмен кейбір аудан, қалаларда жұмыс қарқыны өте төмен. Бұл жұмыстарды бақылау және үйлестіру – жауапты басқарма басшысының тікелей міндеті. Өндірістік парктерді құру жұмыстарының арнайы жол картасын бекітіп, іс-шаралардың орындалуын басқарма және әр аудан, қала әкімдері жеке бақылауларына алуы тиіс. Өндірістік парктерді заманауи талапқа сай әрі бәсекеге қабілетті жобалармен толықтыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту – біздің негізгі бағытымыз, – деген Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмысты кешеуілдетіп жатқан аудан, қала әкімдерінің уәждерін тыңдады. Жұмысты ширатуды тапсырды.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, шағын өндірістік парктерде орналасатын жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, пластик және резеңке өнімдері, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және химия өнімдерін өндіру салаларын қамтып отыр. Бүгінде шағын өндірістік алаңдар салу бойынша Сауран, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Түлкібас аудандарында белсенділік жоғары. Алдағы уақытта жобалардың ауқымы кеңейтіліп, тиісті жұмыстар жалғасады.

