КӨТЕРІЛГЕН БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында биылғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды. Ауыл тұрғындары ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша сала мамандарынан тиісті жауаптар алды. Сондай-ақ бірқатар азаматтар жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бойынша жеке сұрақтарымен жүгінді. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы жылы Тасты ауылдық округінде бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Тасты ауылдық округі әкімінің жаңа әкімшілік ғимараты салынды. Ауылға кіреберіс аймақтар мен балалар ойын және воркаут алаңдарына барлығы 5 бейнебақылау камерасы орнатылды. Тасты ауылында А. Бейсенбаев көшесінен жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар «Созақ–Тасты–Қылти» автожолының құрылысы толық аяқталып, ауыл ішіндегі Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары да тәмамдалды. Бейсенбаев, Амангелді және №1 атауы жоқ көшелерге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар шаралар атқарылды. Амангелді, Жібек жолы және Қырықкепек көшелеріне көше жарықшамдары орнатылып, жыл соңына дейін А. Бейсенбаев және Жібек жолы көшелерін жарықтандыру жұмыстары аяқталмақ. Бұған қоса, Мәулен ата көпіріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қосымша трансформатор орнату арқылы 10 көшенің жарық жүйесі жақсартылды.

Тасты ауылында воркаут алаңы мен балалар ойын алаңы орнатылды. Сонымен бірге «Мен өз елімді жақсы көремін» монументі мен LED экран орнату жұмыстары атқарылуда. Мәдениет үйінің жанынан сквер салу, сондай-ақ ауыл кіреберісіндегі арканы безендіру жұмыстары да жоспарға енгізілген.

Бұдан бөлек, округ аумағынан қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілуде.

Кездесу соңында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен бұған дейінгі көтерілген барлық мәселелердің аяқсыз қалмайтынын атап өтті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды