КӘСІПТЕРІ ӨЗГЕЛЕРГЕ, ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗБЕУІ КЕРЕК

Мемлекет басшысының бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» шарасы аясында аудан аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының барысы бақыланып, зерделеу жүргізілді. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан басшысы Ш.Ділдәбеков және Ынтымақ ауылдық округтері мен Асықата кентіне кіре беріс жол жиегін, базар маңы мен Әд-Фараби көшесі бойындағы мейрамханалар мен кафелердің, көліктерге қызмет көрсету орындарының тазалықтарын жаяу аралап, көлік қозғалысы толастамайтын автомобиль жолы бойындағы заңсыз сауда жасаушылар мен қызыл сызықты сақтамаған құрылыс нысандарының, құм-тас сатушы сауда нүктелерінің иелерімен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көлік пен тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп тұрған, әлеуметтік желіде жиі көтерілетін көлік жөндеу және қоғамдық тамақтану орындарының басшыларына кәсіптері өзгелерге, қоршаған ортаға зиянын тигізбеуі керектігін, талап пен тәртіпке бағынбаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар көрілетінін ескертті.

Мәлімет үшін айта кетсек, бүгінгі таңда кентте тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған 187 кәсіпкерлік нысанның 37-сі дәл осы көше бойында орналасқан. Оның 19-ы К-16-18 каналының үстіне салынған.

Серік Үсенұлы әкімдер мен жауапты сала басшыларына зерделеу барысында анықталған кемшіліктер мен ішкі көшелердің, демалыс аймақтары мен базар маңының, тұрғындар жиі жүретін көпшілік орындарының тазалық жұмыстарын ретке келтіруді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды