Тұрғындар көтеріп жатқан өзекті мәселелерді тыңдап, олардың жедел шешім табуын қарастыруда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамту жөніндегі тапсырмалары мен «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімінің қабылдауына барлығы 15 азамат жазылып, тұрғын үй қатынастары, жер мәселесі, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты жеке өтініштерін білдірді. Азаматтардың басым бөлігі мемлекет есебінен баспана алу мәселесін көтерді, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу, жер учаскесін заңдастыру мәселесін қозғады. Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстар да айтылып, тұрмыстық қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету сұраныстары бақылауға алынды.
Азаматтардың талап-тілегін мұқият тыңдаған қала басшысы қабылдау барысында айтылған әрбір өтінішті жеке зерделеп, мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуді сала жетекшілеріне жүктеді. Барлық сұраныстар толық зерттеліп, олар бойынша заң аясында қажетті шаралар қабылданатынын айтты.
Қала әкімінің қабылдауына «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Сұлтанхан Таштеев қатысты. Азаматтар көтерген барлық мәселелердің шешім табуы партиялық бақылауға алынды.

