«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы Жолдасов кезекті мәрте қоғамдық қабылдау жүргізіп, азаматтар білдірген сұраныстарды тыңдады. Партиялық алаңда өткен қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, партия көмегіне жүгінген әрбір азаматтың өтініші ескерусіз қалмайтынын айтты. Тұрғындардың өтініштері мұқият зерделенетінін, нақты шешім қабылдауға барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында облыс тұрғындары өз сауалдарын онлайн жолдауға да мүмкіндік алды. Қабылдауға онлайн форматта жазылған Келес ауданы, Ақжол елді мекенінің тұрғыны республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының Ақжол елді мекеніне бұрылатын жол қиылысына бағдаршам орнату мәселесін қозғады. Айта кету керек, бұл жол учаскесінде көлік қозғалысы қарқынды. Автомобиль жолы Жизақ – Гагарин – Жетісай – Киров – Қызыләскер – Сарыағаш – Абай – Жібек жолы – Өзбекстан шекарасы бағыттарын қамтиды. Республикалық маңызы бар жол учаскесіне бағдаршам орнату бастамасы ҚР Көлік министрлігінің бұйрығымен бекітілген техникалық талаптарға сәйкес болуы керек. Қазір аталған жол бөлігінде жаяу жүргіншілер өткелі қойылып, тиісті жол белгілері орнатылған. Тұрғын көтерген мәселе бойынша жергілікті әкімдік тарапынан жол өткеліне жарықшамдар орнату жұмыстары атқарылатын болады. Ал аталған тұсқа бағдаршам орнату мүмкіндігін тиісті сала мамандарымен Келес ауданының әкімдігі айналысады деп шешілді.
Зұлпыхар Сансызбайұлының қабылдауына онлайн форматта сауал жолдаған Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны құрылысы басталып, аяқсыз қалған футбол алаңшасының мәселесін қозғады. Бұл мәселеден хабардар екенін айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымның жауапсыздығынан спорт алаңшасының құрылысы тоқтап қалғанын түсіндіріп өтті. Жүргізілген аудит қорытындысымен атқарылған жұмыстар сапасыз орындалғаны белгілі болған. Анықталған барлық кемшіліктер бойынша құжаттар түзіліп, мердігер ұйымға қатысты құқықтық баға беру және шара қабылдау бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданғаны айтылды. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жіті қадағалауына алынғанын және барлық тиісті анықтау жұмыстары аяқталған соң, нысан құрылысын жедел аяқтау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Қабылдауға келген Қазығұрт ауданының тұрғыны Рабат елді мекені мен Шымкент қаласы аралығында қоғамдық көлік қатынасын жолға қою жөніндегі ұсынысымен жүгінді. Айта кету керек, 2024 жылғы наурыз айынан 2025 жылғы қыркүйек айына дейін бұл бағыт бойынша автобус қатынасы болған, алайда тасымалдаушы мекеме жолаушылар ағыны төмен болуына байланысты, аталған маршрут бойынша қызмет көрсетуді тоқтатқан. Зұлпыхар Сансызбайұлы ауыл тұрғындары білдіріп жатқан ұсынысты жеке бақылауына алып, Шымкент қаласының әкімдігімен мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізетінін айтты.
Осы ауданнан келген тағы бір тұрғын Атбұлақ елді мекеніндегі көшелерге жарықшамдар орнату мәселесін қозғады. Тұрғын көтерген бұл мәселе бойынша Қазығұрт ауданының әкімдігі жоба-сметалық құжаттама әзірлегені, жарықшамдар орнатуға қажетті қаржы көлемі Қазығұрт аудандық мәслихатының алдағы сессиясында қаралатыны жеткізілді.
Түркістан қаласының тұрғыны кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін жер телімін алғанын, бірақ тиісті мемлекеттік орган шығарған шешімге сәйкес бұл жер учаскесі қызыл сызық аумағында тұрғанын айтып, жер учаскесінің құқықтық мәртебесін анықтауға көмек көрсетуді сұрады. Бұл мәселе жөнінде түсінік берген Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев аталған жер учаскесіне қатысты мәселе сот органдарының қарауында екенін жеткізді. Қала әкімдігіне жер учаскесінің нысаналы мақсатын жіті зерттеу тапсырылды. Жер учаскесіне қатысты базынасын Түркістан қаласының тағы бір тұрғыны білдірді. Оның айтуынша, қаладағы Б.Майлин көшесінде өзіне тиесілі кәсіпкерлік нысан қызмет атқаратынын түсіндіріп өтті. Көшеде жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарында кәсіпкерлік нысандардың мүддесі ескерілмегеніне шағымын айтып, жолды кеңейту барысында коммерциялық нысандар үшін көлік қоятын орын қарастырылмағанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша да Түркістан қаласының әкімдігіне көшенің егжей-тегжейлі жоспарын қайта қарау жүктелді.
Қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны қала аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бағдаршамдар орнату бойынша ұсынысын айтты. Қаланың даму жоспарын белгілеуде барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасау қағидаты ескерілетіні, соның ішінде дыбыстық белгілері бар бағдаршамдар орнату мәселесіне назар аударылатыны түсіндірілді. Партиялық алаңға материалдық көмек көрсету бойынша өтінішімен жүгінген жалғызбасты анаға демеушілер есебінен бір реттік көмек көрсетілетін болды.
Бүгінгі қабылдау барысында азаматтар білдірген барлық сұраныстар мен өтініштердің орындалуы облыстық партия филиалының тұрақты бақылауында болады.

