Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысып, көтерілген мәселелер бірлесіп талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдау онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, тұрғындардың басым бөлігі кәсіпкерлік қызметке қатысты мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, олар құжаттандыру, кәсіпкерлік нысандарға жер телімдерін бөлу, сондай-ақ аймақтардағы кейбір инвесторлардың қызметіне байланысты шағымдарын жеткізді.
Созақ ауданынан келген бір топ тұрғын Алмалы және Қойбағар елді мекендері маңында жұмыс жүргізіп жатқан қытайлық инвесторлардың әрекетіне алаңдаушылық білдірді. Ауыл маңында жүргізіліп жатқан жер қазу жұмыстары мал жайылымына және ауыл халқының күнделікті тіршілігіне кері әсер етіп жатқаны айтылды.
Нұржігіт Мырзахметов бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып, арнайы комиссия құрылып, жағдайды жан-жақты зерттеу мен зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, инвесторлардың қызметі заң аясында тексерілетінін, ал тұрғындардың өтініші назарда ұсталып, жергілікті әкімдікпен бірлесіп нақты шешім қабылданатынын жеткізді.
Қабылдауға онлайн сауал жолдаған ордабасылық кәсіпкер Арыс өзені бойынан балық шаруашылығын дамыту үшін жер телімін сұрады. Ал Бәйдібек ауданының тұрғыны өз ауылындағы тас карьерінің заңдастыру құжаттарын рәсімдеуде көмек сұрады.
Басқарма басшысы аталған мәселелер бойынша жеке бақылау жүргізілетінін, құзырлы органдармен бірлесіп құжаттандыру, рұқсат алу және сүйемелдеу бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын айтты.
Тұрғындардың өтініштерін ашық тыңдаған басқарма басшысы мен партия өкілдері барлық мәселелерді бақылауға алып, заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Осындай форматтағы қабылдаулар мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып, азаматтардың билікке деген сенімін күшейтудің маңызды қадамы.