«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының жұмыс жоспар-кестесіне сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Серік Өмірханұлы, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Мұхтарұлы және аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Ербол Мырзабекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудандық партия филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, Шорнақ ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Ізбасарұлы және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдау барысында:
Майдантал ауылының тұрғыны О.Аширбекова ауылдың жоғарғы жағындағы 5 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде өтініш білдірді. Аталған мәселе партия бақылауына алынып, тиісті органдар тарапынан шешу жолдары қарастырылатын болады.
Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Н. Раметова жер мәселесі бойынша жүгінді. Ауыл әкімі және жауапты бөлім басшысы тұрғынмен бірге жер телімінің басына барып, жағдайды толық зерделеп, мәселені шешуге ықпал ететінін мәлімдеді.
Ауыл тұрғыны Ш.Жәкеев шаруаларды біріктіріп, мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, кәсібін дамытуға ниетті азаматтарға нақты қолдау көрсету және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізу жөніндегі ұсынысын жеткізді. Аталған ұсыныстың алдағы уақытта тиісті бөлімдермен бірлесіп жүзеге асырылуы мүмкіндіктері қарастырылатыны айтылды.
Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Н.Акешов кадастр және жерге орналастыруға қатысты сұрақтарын қойып, жер телімдерінің шекаралары бір-бірімен қабаттасып кетуіне байланысты («накладка») туындаған мәселелер бойынша толық түсіндірме алды.
Ауыл тұрғыны М. Досболов жайылымдық жердің жеткіліксіздігін айтып, 50–60 жылқысын бағатын жер болмағандықтан, Майдантал ауылына қарасты жайылымдық жерлерге конкурс жариялауды сұрады. Бұл ұсыныс назарға алынып, қажетті рәсімдерді ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізілетін болады.
Қабылдауда көтерілген барлық мәселелер бойынша түсіндірмелер беріліп, тиісті жұмыстар атқарылатыны және әрбір өтініш партия филиалының тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары жинақталып, жауапты органдарға жолданатын болады.

