Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 86,6 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда тағы 3 елді мекеннің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, 10 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Өткен жылы 4 елді мекен көгілдір отынға қосылған ауданда жыл басынан бері 11 елді мекенді газдандырған.
Жуырда Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс елді мекеніне табиғи газ берілді.
Шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков пен «QazaqGazAimaq» Жетісай аудандық филиалының басшысы Бақтыбай Акеев қатысып, тұрғындарды құттықтады. Газ инспекциясы өкілдері газ құрылғыларын дұрыс пайдалану бойынша ережелерді түсіндіріп, жаднамалар таратты.
Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Атақоныс елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Республикалық бюджеттен бөлінген 527 млн. 481 мың теңгеге тартылған газ құбырының ұзындығы 21,9 шақырым. 2709 тұрғыны бар ауылда тұтынушы абоненттер саны 374.
Сала мамандары жыл соңына дейін 10,5 мың тұрғыны бар тағы 9 елді мекенді көгілдір отынға қосып, газдандыру көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.