«ҮЙРЕНЕТІН ДЕ, ҮЙРЕТЕТІН ДЕ ҰЛТ БОЛАМЫЗ»

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың арасында жыл сайын «AMANAT AQYLMAN» зияткерлік ойындарын өткізіп келеді. Биыл да аталған дәстүрді жалғастырған партиямыздың жас белсенділері, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шоғырын қалыптастыруда 17 аудан мен қалада интеллектуалды ойындардың іріктеу кезеңін өткізуді бастады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының жастарға қарата айтқан «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады», — деген сөзін алға ілгерілеудің бағдары етіп белгілеген облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты, «AMANAT AQYLMAN» ойындарының биылғы маусымын – Жұмысшы мамандықтар жылына арнап отыр. Қоғамда еңбек культын қалыптастыруды мақсат тұтқан бұл іс-шара, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарды көпке үлгі етіп, жас толқынды адал еңбекпен адал табыс табуға, адал азамат болуға үндейді.

Биылғы маусымдағы алғашқы іріктеу ойындары Сарыағаш ауданында өтіп, оған аудандағы еңбек ұжымдарынан, бастауыш партия ұйымдарының санатынан 15 команда қатысты. Тың идеялар мен жаңашыл көзқарастар тоғысқан, талантты әрі еңбекқор адамдардың зияткерлік қуаты бір арнаға түйіскен ойындарға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман мен партияның Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Құдірет Қыстаубаев қатысып, жастарға жаңа қоғамның айнасы, жаңа болмыстың жаршысы болуға тілектестігін білдірді.

Жігер мен жасампаздық рух, табандылық пен ізденістік қасиет салтанат құрған ойындардың қорытындысымен жүлделі үшінші орынға – «ОЖТ» — «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының өкілдері табан тіресе, екінші орынға – «Мұра» командасы лайық деп танылды. Зияткерлік қарым-қабілетімен ойындағы басқа командалардан басым түскен «IQ жүйріктері» командасы іріктеу ойындарының бірінші орын иегері атанып, Түркістанда өтетін «AMANAT AQYLMAN» ойындарының басты кезеңінде өнер көрсететін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды