ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП КЕЛЕДІ

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты елдегі әлеуметтік жаңғыру мен қоғамдық бастамалардың белсенді қозғаушы күшіне айналып отырғаны белгілі. Бүгінде бұл құрылым партияның стратегиялық бағытына сәйкес, әйелдердің саяси белсенділігін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріп келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер ұсынатын, мемлекеттік саясатты іске асыруға атсалысатын маңызды партиялық институтты одан әрі ілгерілетуде партияның Отырар аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты «Даланың дана қыздары: қазіргі әйелдердің көшбасшылық жолы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Басқосуға партияның Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары Ералы Шоқай қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Қоғамдық белсенді, іскер, жауапты әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашып, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беріп отырған алаңның артықшылықтары туралы аудандық  Әйелдер қанатының жетекшісі, Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Тынышкүл Едігеева айтып өтті.

Мәжілісте аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Дариға Шерехан хабарлама жасап, қазақ тарихында елеулі ізі бар әйелдердің өмірлік жолына шолу жасады. Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты туралы Отырар аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Надира Зубайра кеңінен тоқталып, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің психологы Әйгерім Ауелбекова стресті басқарудың практикалық дағдылары туралы пайдалы ақпараттармен бөлісті.

Жиналысқа қатысушылар күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша пікір алмасып, аудандық Әйелдер қанаты әлеуметтік жауапкершілікті, қоғамдық диалогты және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты үйлестіре білетін қуатты құрылымға айналатынына сенім білдірді. Оның қызметімен партияластарымыз ел дамуына, отбасы институтын нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға елеулі үлес қоса алатыны атап өтілді.

Әйелдерге арналған кәсіби даму, іскерлікті шыңдау мүмкіндіктерін кеңейту, қоғамдағы іскер әйелдерді ортақ мақсат аясына біріктіру, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру бағыттарында бірқатар маңызды ұсыныстар айтылып, олар аудандық Әйелдер қанатының алдағы жұмыс бағыттары болып түзілді.

Атап өтуіміз керек, Әйелдер қанатының бастамасымен өңірлерде әлеуметтік қолдау, құқықтық кеңес беру, кәсіби оқыту және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған көптеген жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар ең алдымен халықтың нақты сұранысына жауап беріп, партия мен қоғам арасындағы байланысты күшейтіп отыр. Сонымен қатар Әйелдер қанаты партиялық кадрлық резервті қалыптастыруда да маңызды рөл атқарып келеді. Әйелдердің басқару үдерісіне кеңінен тартылуы партияның әлеуетін арттырып, шешім қабылдаудағы сапаны күшейтеді деген сенімдеміз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды