Полицейлер “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру аясында Қасқасу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының сұрақтары мен ұсыныстарына жауап берді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар Қасқасу ауылдық округке жауапты учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Е. Жайлаубаев биылғы 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері интернет алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары тұрғындарды “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына белсенді қатысуға және “Ішімдіксіз ауыл” жобасын қолдауға шақырды.

