ІС-ШАРА БАРЫСЫНДА 400-ГЕ ЖУЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Сайрам ауданы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мақсатында кезекті рейдтік профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға полиция басқармасының бастығы Еркеғали Мейірбековтің өзі арнайы қатысты. Ол жүргізушілермен жол ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары автокөлік жүргізушілеріне жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жылдамдықты шектен тыс асырмау, қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу, жаяу жүргіншілерге жол беру және жол белгілерінің талаптарын қатаң орындау туралы түсіндірді. Маневр жасау кезінде сақ болу, құжаттарды толық әрі дұрыс ұсыну қажеттілігі айтылып, профилактикалық үнпарақтар таратылды.

Іс-шара нәтижесінде 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жылдамдықты асыру фактілері қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша — 87, масаң күйде көлік басқаруға қатысты — 1, маневр жасау ережелерін бұзу — 52, жаяу жүргіншілерге жол бермеу — 14, жол белгілері мен сызықтарының талаптарын орындамауға байланысты — 67 құқық бұзушылық тіркеліп, әкімшілік шара көрілді.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы рейдтік шаралардың тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды