Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен өңірдегі аудандар мен қалаларда өндірістік парк құру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Келес ауданында өндірістік парк салу жұмыстары басталып, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асуда. Ол үшін аудандағы Абай ауылынан 10 гектар жер учаскесі бөлінді. Бүгінде аталған жерге нысанды орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта «Керуен» ЖК аукцион арқылы 2 гектар жер учаскесін сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтады. Жалпы, бұл аймақта 20 гектар жер учаскесін аукционға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өндірістік ғимараттар салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге 9 гектар жер учаскесі 1 гектардан бөлініп, ұсынылатын болады.
Бүгінде өндірістік парк аумағында бір кәсіпкер 3 ғимарат, ал екі кәсіпкер 2 ғимараттан салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Абай ауылын жаңа индустриялық өңірге айналдырып, аудан экономикасын көтеруге оң әсерін тигізбек. Жобаны уақтылы жүзеге асыру, инфрақұрылым жеткізу және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар аудан әкімдігінің қатаң бақылауында болады.
Басты мақсат – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындары ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвесторларға инфрақұрылымы бар дайын аймақ ұсыну, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру.