ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА БЕЛСЕНЕ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында аудандық мәслихат төрағаларының 9 айдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары жөнінде кезекті баспасөз брифингі өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ашық форматта ұйымдастырылған жиында аймақтың қоғамдық-саяси өміріндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Брифингке Созақ, Бәйдібек және Келес аудандарының мәслихат төрағалары қатысып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады. Олар өз хабарламаларында аудан көлемінде жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық жобалар, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалар мен жергілікті бастамалар туралы мәлімет берді.

Созақ ауданы мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиев аудандық мәслихат депутаттары өздерінің тікелей өкілеттіктерімен қатар, аудан әкімдігі жанындағы түрлі консультативтік-кеңесші органдар мен ауылдық округтердегі әлеуметтік мәселелерге байланысты құрылған комиссиялардың құрамында жұмыс істей отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Мәслихат депутаттарынан құрылған ауданымыздағы “AMANAT” партиясының фракциясы да белсенді жұмыс атқаруда. Партияның бағдарламалық құжаттарын түсіндіру, қоғамдық қабылдаулар өткізу, сайлаушылардың жеке сұрақтары бойынша кездесулер ұйымдастыру, еңбек ұжымдарының көкейкесті мәселелерін қарастырып, шешімін табуға атсалысу фракция қызметінің негізгі бағыты. Халық қалаулылары ауданда өтетін барлық әлеуметтік, саяси және қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Жыл басынан бері аудандық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды 65 шешім қабылданды. Оның ішінде 6 шешім мемлекеттік тіркеуден өтті. Аудандық бюджет жыл ішінде үш мәрте нақтыланып, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жергілікті бюджет кірісіне 27 млрд. 98 млн 108 мың теңге түсті», – деді Ордабек Мырзабекұлы.

Сондай-ақ ол биыл мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 38 депутаттық сауал жолданғанын, олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және әлеуметтік салаға бағытталғанын хабарлады.

Өз кезегінде Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Имангелді Түймебаев аудандық мәслихаттағы 13 депутаттың 10-ы «AMANAT» партиясының мүшесі екенін жеткізді.

«Аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныстарын орындауға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып отыр. Жыл басынан бері мандат иелері партия филиалында 30 рет қабылдау өткізіп, 180 азаматтың өтініш-тілегін қарады. Мәслихат депутаттары тарапынан жалпы 60 депутаттық сауал жолданып, олардың ішінде жол, жарықтандыру, жер, газ, ауыз су, ағын су, интернет, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және туризм мәселелері қамтылды», – деді Имангелді Қансейітұлы. Ол сонымен қатар, жеке өзі жергілікті өкілді органдарға 18 депутаттық сауал жолдағанын және түскен арыз-шағымдарға мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде нақты шаралар қабылданатынын айтты.

130 мыңнан аса тұрғыны бар Келес ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз етуде мәслихат маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев баяндамасында жеткізді.

«2025 жылы аудандық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды 43 шешім қабылданды. Оның ішінде бір шешім нормативтік-құқықтық акт ретінде Түркістан облысының Әділет департаментінде тіркелді. Сессияда қабылданған әр шешім алдын ала мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында қаралады. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға 75 депутаттық сауал жолданып, олардың 61-і немесе 80 пайызы өз шешімін тапты, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ол.

Жиында жергілікті мәслихаттардың негізгі міндеті халық пен билік арасындағы байланысты нығайту және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін шешім қабылдау процесіне енгізу екендігі атап өтілді. Төрағалар өз баяндамаларында инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағыттарында атқарылған жұмыстарды да баяндады.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірқатар сұрақтар қойып, аудандық деңгейде көтеріліп жүрген мәселелердің шешу жолдарын талқылады. Атап айтқанда, Созақ ауданындағы Ақбикеш мұнарасының қазіргі ахуалы, Келес ауданында қолға алынған жылыжай кешенінің жағдайы, «Қазатомпром» компаниясы жұмысшыларының әлеуметтік ахуалы, сондай-ақ Келес ауданындағы табиғи газ мәселесіне қатысты сауалдар қойылды. Сонымен қатар, Созақ ауданына туристік бағыттарды дамыту қажеттілігі, Бәйдібек ауданындағы мектептерге бейнебақылау камераларын толық орнату, Келес ауданындағы орталық жолды кеңейту жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Брифинг соңында аудандық мәслихат төрағалары алдағы кезеңде де ашықтық пен есептілік қағидаттарын сақтай отырып, ел сенімін ақтауға, өңірлердің дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды