«ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ ҮШІН ӘКІМДІК ПЕН МӘСЛИХАТ ЫНТЫМАҚПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУІ ТИІС»

2025 жылғы 15 желтоқсан күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Сессияның күн тәртібінде 18 маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, Түркістан облысы полиция департаменті бастығының, Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түркістан облысының білім басқармасы басшыларының есептері тыңдалды. Депутаттар мемлекеттік орган басшыларының есептерін тыңдап, жұмысты одан әрі жандандыру бойынша шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді. Сонымен қатар  кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.

Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.

– Алдымен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет және Даму жоспары бекітілді. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыруды және бюджет қаражатын үнемдеп, елге қажет нақты жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Жоспарға сәйкес 2026 жылға облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн. теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын қалыптастыру барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қарастырып отырмыз. Сондай-ақ құрылысы басталған нысандардың мерзімдерінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында осы жобаларды аяқтауға басымдық бердік. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болып отырмыз. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Экономикаға 1,4 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түсті. Бұл жетістіктерге өздеріңізбен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткіздік деп санаймын. Өңіріміздің дамуы үшін әкімдік пен мәслихат ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі болады. Сондықтан халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолында жоспарланған жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Ел мүддесі жолындағы бастамаларымыз сәтті болып, өңіріміз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Сессия барысында еңбегімен дараланған депутаттар мен бір топ еңбек ардагеріне ҚР Парламенті Сенаты төрағасының алғысхаты тапсырылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды