ӨҢІРДЕГІ ХАЛЫҚ ҮНІ ЕСТІЛДІ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жеке қабылдау өткізіп, азаматтар білдірген сұраныстары тыңдады. Облыстық депутаттар корпусының жетекшісі өткізген қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партия алаңында өткен қабылдауға келген Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғындары елді мекендегі ішкі көшелерге асфальт төсеу, аудан орталығы – Шаян ауылында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның бөлімшесін ашу мәселелерімен жүгінді. Көтерілген мәселелерді талқылау барысында елді мекендегі Шаттық, Бөген, Үкітас, Сейітқазы көшелеріне асфальт төсеу бойынша тұрғындардың бастамасымен жоба-сметалық құжаттама әзірленгені, жұмсалатын шығын көлемі 275 млн. теңгені құрайтыны айтылды.

Бюджетке өтінім беру мерзімі өтіп кетуіне байланысты, жол жабындысын төсеуге қаржы бөлу ұсынысы 2027 жылдың бюджетін қалыптастыру барысында қаралатын болып шешілді. Тұрғындар ауылдағы орта мектеп орналасқан Үкітас көшесінің 800 метрге жуық бөлігіне  биыл асфальт төсеп беру  өтінішін айтты. Азаматтардың сұранысын мұқият тыңдаған Нұралы Әлмаханұлы Бәйдібек ауданы әкімдігімен байланысып, тұрғындар көтерген мәселені шешіп беруді тапсырды. Қалған көшелердің жөнделуіне қаржы бөлу мәселесін облыстық мәслихат төрағасы өз бақылауына алды.

Ақбастаулық тұрғындар көтерген екінші мәселе бойынша  «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан облыстық бөлімшесі Бәйдібек ауданы елді мекендерінде газ жүйелерінің құрылыстары қарқынды жүруіне байланысты және іргелес орналасқан Созақ ауданында автоматты газ тарату станциясының құрылысы жүріп жатқанын ескере отырып, Бәйдібек және Созақ аудандарына жауапты болатын бөлімше ашу мәселесін ұлттық компания басшылығының қарауына ұсынатын болып шешілді.

Облыстық мәслихат төрағасының қабылдауына жазылған Түркістан қаласы, Жезқазған көшесінің тұрғыны өзінің жеке үйінің ауласынан кәсіпкерлік нысан ашуға ниетті екенін білдірді. Алайда, Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары аталған кәсіпкерлік нысан қала құрылысы талаптарына сай келмейді, көшенің қызыл сызық жоспарлау сызығын өрескел бұзады деген себеппен рұқсат құжат бермей жатқанына шағымын айтты. Нұралы Әлмаханұлы тұрғын көтерген мәселені заң шеңберінде қарастыруды Түркістан қаласы әкімінің орынбасарына тапсырды. Бұл мәселені де облыстық мәслихат төрағасы жеке бақылауына алды.

Қабылдауға жазылған Түркістан қаласының тағы бір тұрғыны апластикалық анемия дертіне шалдыққан перзентін шет елдік клиникада емдету үшін қаржылай көмек беруге жәрдем көрсетуді өтінді. Бұл мәселе бойынша облыстық мәслихат төрағасы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгініп, науқасты мемлекет қаржысы есебінен бөлінетін квота бойынша шет елде ем алуға жіберу мүмкіндігін қарастырып беруді тапсырды. Салалық басқарма өкілі квота бойынша бюджет есебінен шет ел клиникаларында трансплантация жасауға қажетті құжаттар тізбесі жөнінде мағлұмат беріп, науқастың жағдайын бақылауды өз жауапкершілігіне алды.

Қабылдауға онлайн форматта жүгінген Келес ауданы, Ақжол елді мекенінің тұрғыны ауылдағы екі қабатты 14 тұрғын үйді жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Ауыл тұрғыны айтқан мәселе бойынша көпқабатты тұрғын үйлер жаңғырту бағдарламасына қатысу үшін пәтер иелері алдымен кондоминиум объектісі ретінде тіркелуі тиіс екені түсіндірілді. Кондоминиум нысанының жалпыға ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу үшін техникалық тексеріс жүргізіліп, атқарылуы қажет жұмыстардың сметасы түзілетіні, жұмсалатын шығын көлемі белгілі болған соң, мемлекет пен кондоминиум объектісі арасында келісімшарт түзіліп, жөндеу жұмыстары атқарылатыны айтылды. Пәтер иелері жұмсалған шығынды белгілі бір мерзім ішінде қайтаратыны туралы мағлұмат берілді.

Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығы облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің бақылауына алынды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды