Түркістан облысында референдум күні «Отбасымызбен дауыс береміз!» акциясы аясында тұрғындар отбасымен бірге өздерінің азаматтық таңдауын жасап жатыр. Оның ішінде, Жетісай ауданындағы №224 дауыс беру учаскесіне аудан тұрғыны Халым Тұрсынов өз отбасымен бірге келіп, дауыс берді. Оның сөзінше, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әрбір отбасының таңдауы аса маңызды, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Біз үшін елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге өз үлесімізді қосу – үлкен жауапкершілік. Осындай сәттерде әр азамат отбасымен бірге келіп таңдауын жасап, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуы керек деп ойлаймын. Балаларымыз да осындай маңызды шараларды көріп, елге деген жауапкершілікті сезініп өссе дейміз. Өйткені әрбір отбасының таңдауы – елдің ертеңіне қосылған үлес. Бірлігіміз берік болып, мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын», — деді ол.
Қазір ауданда республикалық референдум өткізу үшін 72 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Ал, дауыс берушілердің саны — 102 510 азамат. Сонымен қатар, Түркістан облысында 1 187 257 азамат референдумда дауыс беру құқығына ие. Бүгін 15 наурыз күні таңғы сағат 07:00-ден бастап өңір бойынша 947 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.

