ӨҢІРДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЫЛДАМ ДАМЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы Қазақстанның оңтүстігіндегі ең халқы көп шоғырланған аймақтың бірі. Өңір аумағы – 116,1 мың шаршы шақырымды құрайды. Облыста облыстық маңызы бар 3 қала, 14 аудан, 836 елді мекен бар. Облыс тұрғындарының 74 пайызы ауылдық аумақтарда тұрады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде өңірде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жылдам дамып жатыр. Елді мекендерді газбен, ауызсумен, тұрақты электр қуатымен және сапалы автожолдармен қамтамасыз ету басымдықтары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың жіті қадағалауына алынған. Аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бұл жұмыстар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының стратегиялық маңызы бар тармақтары ретінде енгізілген.

Облыс әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда өңір тұрғындары санатынан 2,1 млн тұрғын немесе облыс халқының 98,5 пайызы ауыз сумен қамтылған. Барлығы 763 елді мекенге ауыз су құбырлары тартылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су жүйелеріне қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылуда. Нәтижесінде, халықтың ауыз сумен қамтылу деңгейінің межесі толығымен орындалады деген жоспар бар. Ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеннің мәселесі алдағы үш жылда шешімін таппақ.

Табиғи газбен 563 елді мекендегі 1 млн 834 мың адам қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5 пайызды құрап отыр. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбырлары тартылуда. Нәтижесінде, жылдың қорытындысымен газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 900 мың адамға немесе 88,9 пайызға жететін болады. Газ тұтынатын елді мекендердің саны 600-ге жететін болады.

Соңғы екі жылда өңіріміздегі 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Жол құрылысы бойынша биыл облыста 289 нысанда немесе 1 236 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым жол пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7 пайызға жеткен.

«AMANAT» партиясы осы жұмыстардың әр кезеңін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарланған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын жіті қадағалап келеді. Өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауды партиялық бастамалардың басты мақсаты деп білеміз. Алдымызға қойған межелердің сапалы орындалуын алдағы уақытта да жүйелі бақылауда ұстаймыз.

 

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды