«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы салынуын бақылау. Бұл партияның халық алдындағы нақты жауапкершілігінің көрінісі. Осы міндет аясында Түркістан облысы Созақ ауданында бой көтеріп жатқан жаңа Орталық кітапхана құрылысына кезекті мониторинг жүргізілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған бақылау «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Берік Тұрғанбаевтың жетекшілігімен өтті. Бақылау жұмыстарына комиссия мүшелері Талғат Абуов, Нұржамал Майусова, сондай-ақ аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Дархан Үркінбаев және мердігер компания өкілдері нысанды аралады.
Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын кітапхана заманауи сәулет талаптарына сай, көпфункционалды мәдени кеңістік ретінде салынуда. Екі қабатты нысанның жобалық көлемі 12 мың шаршы метрден асады. Бұл өңір халқы үшін білім мен мәдениеттің жаңа орталығы болмақ. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы сылақ жұмыстары аяқталуға жақын. Қасбетінің сәндік бөлігіне арналған бояу қабаты дайындалуда. Іргетас айналасына бетон құйылып, кіреберіс баспалдақтары салынып жатыр. Ішкі бөлмелерде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі орнатылып, қазандыққа қосылған.
Нысанда екі жұмыс бригадасы, жалпы 20-ға жуық құрылысшы еңбек етуде. Жұмыс барысына арнайы техникалар жұмылдырылған. Алдағы күндері есіктерді орнату, жарық желілерін тарту және еденді кафельмен қаптау жұмыстары басталады. Құрылыс кестесі сақталып отыр.
Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруға «SK Тенгри Холдинг» ЖШС бас мердігер болып танылса, бас жобалаушы «ДиК Проект» ЖШС және техникалық қадағалаушы «Tekhnzor Prom Exspert KZ» ЖШС болып танылған. Жалпы құны 958 миллион теңгеден асатын жоба құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталған. Құрылыстың сапалы, әрі мерзімінде бітуі партия бақылауында.
Мониторинг барысында комиссия төрағасы Берік Тұрғанбаев жобаның маңыздылығын атап өтіп, сапа мәселесіне айрықша тоқталды.
«Бұл кітапхана – тек білім ордасы емес, өңірдің мәдени жүрегі болады. Сондықтан әр кірпіш, әр бөлшек жауапкершілік. Біз халыққа берген уәдемізді орындау үшін құрылыс сапасын, жұмыс кестесін және мердігердің міндетін қатаң бақылауда ұстаймыз», – деді ол.
Жаңа Орталық кітапхана Созақ жастары мен тұрғындары үшін білімге, ғылымға, мәдени ой-сананы дамытуға жол ашатын заманауи орталық болады. Партияның Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба «AMANAT»-тың халықпен бірге, халық үшін жұмыс істеп отырғанының айқын дәлелі.

