ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУДА ҚАРЖЫЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК ҰҒЫМЫН КЕҢІНЕН ПАЙДАЛАНА БІЛУІ ТИІС

Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті жұмыс жиыны өтті. Фракция жетекшісі, облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев ашып, жүргізген жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, фракция мүшелері,  Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек, облыстық полиция,  төтенше жағдайлар департаменттерінің жауапты өкілдері,  ауылшаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және сауда басқармалары басшыларының орынбасарлары,  Арыс қаласының, Созақ, Келес, Қазығұрт, Ордабасы аудандарының әкімдері, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында 2023-2027 жылдарға 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланғаны айтылып, оның 121-нің орындалуы 2025 жылға межеленгені атап көрсетілді.

— Биылғы 9 айда 121 іс-шараның 66-сы немесе барлық тапсырманың 55 пайызы орындалды, 41 тармақ – орындалу үстінде, объективті себептермен орындалуы кешеуілдеп жатқан 14 тармақтың іске асырылуын үйлестіруіміз қажет. Жол картасының орындалуында Шардара, Сайрам аудандары алдыңғы қатарға шықса, Кентау қаласында, Мақтаарал, Отырар, Келес аудандарында межеленген тапсырманың тең жартысы атқарылған. Ал орындалуы кешеуілдеп жатқан тармақтардың ең көп бөлігі: Мақтааралда – 13, Қазығұртта – 11,4, Келесте – 10,8, Созақта – 10, Ордабасыда – 10,4, Арыста – 10,4 пайыз болып отыр. Бүгінгі жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының және атап көрсетілген аудан, қала әкімдерінің Сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша есебін тыңдайтын боламыз, — деді фракция жетекшісі, облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Салалық көрсеткіштер бойынша: ауыл шаруашылығына қатысты – 2, кәсіпкерлік және инвестиция саласында – 4, жұмыспен қамту және әлеуметтік салада – 1, білім беру саласында – 2, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында – 2, төтенше жағдайлар департаментіне қатысты – 2, полиция департаментіне қатысты – 1 индикатордың орындалуына атқарушы және өкілді мемлекеттік органдардың барлық мүмкіндіктерін қарастыру маңызды екені айтылды.

Фракция мәжілісінің күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек хабарлама жасап, биылғы 9 ай қорытындысымен орындалуы кешеуілдеп жатқан 14 тармақтың әрқайсысына жеке тоқталып, олардың мерзімінде атқарылмай қалуының негізгі себептеріне тоқталды.

— Биыл «Ауыл аманаты» бойынша 3722 жобаны қаржыландыру жоспарланған еді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлінуі керек болатын. Бірінші транш бойынша 1,4 млрд. теңге келіп түсті, оператор ретінде «Түркістан ӘКК» бекітілді. 2023-2024 жылдары берілген несиелердің қайта қайтарымы есебінен 2,3 млрд. теңгеге 316 жоба қаржыландырылды. Республикалық бюджеттен қаралған қаржының кешеуілдеуіне байланысты бұл тармақтың орындалу мерзімі ұзарып отыр. Сондай-ақ «Боралдай» су қоймасының құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленген, Ордабасы ауданында нысан құрылысы түсетін аумақта 391 гектар жерді мемлекет қажеттілігі үшін алуда сот процессі басталды. Сот қабылдаған шешім негізінде жобаны жалғастыру мәселесі қаралатын болады, — деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Әбдіразақұлы.

Орындалуы кешеуілдеп жатқан тармақтардың қатарында бірқатар инвестициялық жобалар бар екені айтылды. Оның ішінде «Береке Құрылыс Сервис» ЖШС-нің қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия шығару жобасын басқа перпективалы инвестбастамамен ауыстыру мәселесі қозғалды. «Састөбе химиялық кешені» өндіріс орнын салуды жеделдету, құрылысы 50 пайыздық деңгейге жеткен мұнай өңдеу зауытының құрылысын аяқтау, «Созақ фосфат» кен өңдеу зауытының құрылысын бастау мәселелерінде жобаларды іске асыру мерзімдерін ұзарту ұсыныстары жария етілді.

Жастарға жеңілдетілген шағын несие беру бастамасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей жатқаны айтылып, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуде биыл 20 мектеп іске қосылғаны мәлімделді. Оның ішінде 12 мектеп жеке инвестициялар есебінен, 8 мектеп – «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған. Жақын күндері тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Мақтаарал ауданы, Төрткүл ауылындағы 200 орындық мектептің құрылысы алдағы жылдардың еншісіне қалдырылғаны түсіндірілді.

Партия бекіткен жоспар бойынша 271 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу, 180 мектептің қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру, Келес ауданында өрт сөндіру депосын салу, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш аудандарындағы өрт сөндіру бекеттерін күрделі жөндеуден өткізу, полиция бекеттерінің құрылысын аяқтау мәселелері бюджет тапшылығына байланысты кейінге қалдырылғаны мәлім болды. Сондай-ақ Қазығұрт ауданында 3,5 МВт шағын су электр станциясын салу жобасын басқа рентабельді жобамен ауыстыру ұсынылды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасымен бекітілген Жол картасының орындалуы бойынша Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев есеп берді. Партия бекіткен жоспардың нақты көрсеткіштерін баяндаған аудан басшылары азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жолдарды жөндеу, ауылдарға таза ауыз су тарту, елді мекендерді табиғи газбен қамту, білім мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру, мәдениет пен спорт ғимараттарын салу, жастар мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мақсатты бағдарламаларды іске асыруда республикалық бюджет қаражатының кеш түсетіні немесе мүлдем бөлінбей қалуына байланысты бірқатар өзекті мәселелер бар екені айтылды.

Жиын барысында депутаттық корпус тарапынан «Ауыл аманаты» жобасын жалғастыру, «Боралдай» су қоймасының құрылысы бойынша жер телімдерінің мәселесін шешу, инвестициялық жобаларды іске асыруда кәсіпкерлермен тиянақты жұмыс жүргізу, басталған жобаларды мерзімінде аяқтауды үйлестіру мәселелері жөнінде ұсыныстар берілді. Аудан әкімдіктері, салалық басқармалар ұзақ мерзімді жоспарлар түзілгенде әрбір енгізген ұсыныстарына жауапкершілікпен қарау керек екені ескертілді. Әсіресе, инвестициялық жобаларға іріктеу жүргізгенде олардың экономикалық тиімділігімен қоса, нақтылы іске асыру мерзімдерін дұрыс белгілеу маңызды екені жеткізілді.

Депутаттар көтерген сауалдарға жауап берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков партия бекіткен Жол картасының орындалуына бақылау күшейтілетінін, бүгінгі жиында айтылған 14 тармаққа қатысты жеке-дара талдаулар жүргізіліп, әр тармақ бойынша тиянақты ұсыныстар берілетінін, ауыстыруды талап ететін басымдықтарға объективті баға берілетінін жеткізді. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша әр тармақтың жүзеге асуына жауапты фракция мүшелері де бұл мәселені жеке қадағалауында ұстайтын болады.

Аудан әкімдерінің есептерін тыңдау барысында халық саны аз ауылдық жерлерде су тазарту кешенді блок-модульдерін орнату мәселесіне қатысты сауалдар көтерілді. Бұл тапсырманың орындалуы бойынша аудан әкімдіктері облыстық партия филиалына нақты анықтамалар ұсынатын болды. Арыс қаласында емхана құрылысына қажетті жоба-сметалық құжаттарға түзету енгізу, жұмыссыз азаматтарды мақта кластері жобасы аясында ашылған жұмыс орындарына жіберу, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуде жеңілдетілген несиелер беруді жалғастыру, тұрғын үйлерді реновациядан өткізу, жастарды жұмыспен қамтуда мемлекеттік қолдау шараларын белсенді жүргізу мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ жиын барысында Кентау қаласы биылғы 1 шілдеден бастап экологиялық апат аймағы болып танылғаны, азаматтарға берілетін өтемақы қашаннан бастап төленетіні жөнінде сауал қойылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жаңбырлатып суғару әдісіне қатысты азаматтар білдіріп жатқан сұраныстар айтылып, оның тиімділігін зерделеуде депутаттық топ құрылатын болды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау, осы санаттағы малдың жем-шөбіне және төліне берілетін субсидия көлемі жөнінде сауалдар қойылып, фракция мәжілісіне басқарма басшыларының міндетті түрде қатысу үрдісін енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері облыс экономикасына инвесторлар тартуда қаржылық серіктестік ұғымын кеңінен пайдалана білуі тиіс екеніне баса мән берілді.

Жиын нәтижесімен фракция мүшелері отырыстың қорытынды қаулысын қабылдады. Құжатта қамтылған барлық тапсырмалар мен ұсыныстардың орындалуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бақылауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды