ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МАҚСАТЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысын өндірісі дамыған өлкеге айналдыру жолындағы жұмыстар белсенді жалғасып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік саласын дамыту және инвестиция тарту мақсатында маңызды жобалар мақұлданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған саладағы өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен инвестштаб отырысында талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және салаға жауапты басқа да мамандар қатысты. Жиында облыс басшысы аудан, қалалардағы индустриалды аймақтар мен кәсіпкерлік нысандарды кеңейту мәселелерін пысықтап, сала мамандарына өңірдің инвестициялық жағдайын жақсартуды тапсырды.

Күн тәртібінде Түркістан қаласы, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек аудандарындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында орналасқан «PSI Machinery» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне қажетті ауыр жабдықтар шығаратын зауыттың құрылыс жоспары, «Turan» АЭА аумағында жүзеге асатын екі жаңа жобаны іске асыру мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар Сайрам ауданындағы «KUZOV KARABULAK» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы, Бәйдібек ауданындағы «AMANAT AGRO BAIDYBEK» АӨК мақта өңдеу мен тамшылатып суару зауытының құрылыс жұмыстары, Түркістан қаласындағы «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мата зауытын салу, иірімжіп өндіру  және джинс маталарын шығару зауытының құрылысы «Qaz Natural Laminat» ЖШС еден жабындарын өндіретін зауыттың құрылысы (I кезең) бойынша ағымдағы жағдайын «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысы мен «Samruk Signal Systems KZ» ЖШС-ның радиостанциялар мен басқа да электрондық құрылғылар өндіретін зауыт құрылысының жай-күйі пысықталды.

Жалпы облыс көлемінде кәсіпкерлік нысандардың қатары артса, енді бірінің іргетасын қалау жұмыстары жалғасып келеді. Түркістан облысының экономикалық өсімі мен индустриалды даму бағыты қарқынды жалғасып, аймақта іске асқан инвестициялық жобалар оң нәтижесін беруде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды