Белгілі композитор Ш.Қалдаяқовтың есімі берілген ауылдың тұрғындарымен кездескен Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, Қарақоңыр ауыл округі бойынша іске асып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, алды тұрған міндеттерді атап өтті. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы Қарақоңыр ауыл округіне қарасты 6 елді мекен бар, оларды 507 отбасы біріктірсе, ондағы халық саны 3132 адамды құрап отыр.
Ағымдағы жылы Қарақоңыр ауылдық округі аумағында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Ш.Қалдаяқов ауылының кіреберіс көшесіне (1,5 шақырым), Үшқоңыр (0,35 шақырым), Талап (0,58 шақырым), Жармұхаммедов (0,44 шақырым) және Парасат (0,9 шақырым) көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді.
Сырдария елді мекеніне ауыз су жүйесі тартылып, Қостүйін, Қарақоңыр және Ш.Қалдаяқов ауылдарының ауыз су жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қостүйін елді мекеніне газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ауыл округінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында жобалық құны 742,7 млн. теңге болатын шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысандағы жұмыстардың 90 пайызға жуығы аяқталған. Одан бөлек, елді мекендегі А.Дүтбаев көшесінің бойынан екінші балалар ойын алаңшасы салынып, қазіргі таңда ауыл балалары жаңа алаңда еркін ойнап, уақыттарын тиімді өткізуде.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріліп, кейбір өзекті мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатынын айтқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

