ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ҮШІН 164 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ

Түркістан облысында  «Ұлттық жоба» аясында инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту үшін 164 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл туралы өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов мәлімдеді деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Өңірде тозығы жеткен инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту бойынша республикалық «Ұлттық жоба» бастамасы жүзеге асырылуда. Осы арқылы  инфрақұрылымдық жүйелердегі авариялар деңгейін 20%-ға, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендету көзделген. Бастаманы жүзеге асыру «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан және екінші деңгейдегі банктерден тікелей бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылады деп жоспарланған. Мемлекет тарапынан Ұлттық жобаны іске асыру үшін алдағы 4 жылда 13 триллион теңге бөлінеді. Биыл департамент қызметкерлері облыс аумағында жоспардан тыс 9 тексеру жүргізді. Оның ішінде 8 жоспардан тыс тексеруде  заңбұзушылық анықталып, құқықбұзушылықтар бойынша тиісті нұсқама берілді. Ал, жоспардан тыс бір тексеру  жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басынан бері департамент тарапынан 79 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 48-сі бойынша құқықбұзушыларға қарсы 33 461 410 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 14 628 824 теңгесі бюджетке өндірілді. Қалған қаражатты өндіру сот орындаушылардың құзыреттілігіне берілді. Сондай-ақ, 31 хаттама сотпен қаралып, оның 17-сі бойынша соттың қаулысымен 11 780 272 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалған 14 хаттама сотта қаралуда, — деді сала спикер.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды